Берік Тұрсынбеков (Күлпәш)

«Шымкент шоу» әзіл-сықақ театрының директоры, актер Берік Тұрсынбеков халық алдында ер азамат ретінде емес, келін Күлпәш ретінде жақсы танымал. Ол қазіргі Түркістан облысы, Сайрам ауданында дүниеге келген. Бала кезінен артист болуды армандаған Берік төрт жыл қатарынан өнер институтына түсе алмапты. Негізгі мамандығы — экономист.

Берік Тұрсынбеков.
Берік Тұрсынбеков. Иллюстрация: Бекзат Исамбергенов/Baribar.kz

Берік Тұрсынбеков Blognews.kz порталына берген сұхбатында: «О, баста «Күлпашпен» таныламын деп үш ұйықтасам да, түсіме кірмепті. Тек осыдан 20 жыл бұрын театрға келгендегі алғашқы ролім мен бірінші тапсырмам әйел образын алып шығу болды. Барынша ізденіп, образды тиянақты алып шығуымның арқасында бұл роль танымал болды, — дейді.

Ерболат Төлегенов (Шімән апа)

«Әзіл әлемі» театрының артисі Ерболат Төлегенов жұртшылыққа Шімән апа образымен танымал.  Ол 1983 жылы 2 қыркүйекте Ақтөбе облысында дүниеге келген. Мамандығы — кино және телевизия актеры. Т.Жүргенов атындағы өнер академиясының драма бөлімін бітірген.

Ерболат Төлегенов
Ерболат Төлегенов. Иллюстрация: Бекзат Исамбергенов/Baribar.kz

Алты жылдан астам уақыт апаның ролін сомдап, ақ жаулықты әже атанған Ерболат «Қазақстан» телеарнасына берген сұхбатында: «Ер адам әйел адамның образын сомдағыш болып кетті деп сынайды ғой. Бұл жерде «өнер» деген сөз бар. Мен кемпірдің киімін өмір бақи киіп жүрген жоқпын. Ол сахнаға 15 минутқа киілетін образ. Мен ойнап жүрген Шімән апа — қазақ әжелерінің прототипі», —  дейді.

Нұртас Адамбаев (Сабина келін)

Нұртас Адамбаев халыққа Сабина келін образымен танымал. Ол бұл образға «Жетінші арнадағы» «Побег из аула», «KZландия» шоуы арқылы келген. Кейін «Сабина келін» атты фильм түсіріп, өзі басты рольде ойнап шықты. Нұртас Адамбаев 1981 жылы 14 желтоқсанда Таразда дүниеге келген. Абылай хан атындағы қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетін бітірген.

Нұртас Адамбаев
Нұртас Адамбаев. Иллюстрация: Бекзат Исамбергенов/Baribar.kz

Нұртас Адамбаев «Жұлдыздар отбасы» журналына берген сұхбатында: «Оқуды бітіргеннен кейін өз мамандығым бойынша жұмыс істегім келмеді. Өйткені маған о бастан-ақ шығармашылық жұмыс ұнайтын. Үлкен компанияда жұмыс істеп көрдім, тіпті аз уақыттың ішінде бөлім бастығы да болып үлгердім. Менеджерлердің менсіз де көп екенін, ал біздің елде юморлық бағдарлама жасайтындар саусақпен санарлық. Сондықтан осы жолды таңдадым», — дейді.

2015 жылы Қазақстан киносыншылар қауымдастығы Нұртас Адамбаевқа Сабина келін бейнесі үшін «Үздік әйел адам ролі» номинациясы бойынша жүлдені табыстады.

Жалпы, әйел образын сомдау арқылы танымал болған отандық артистер көп. Олардың қатарында «Өнер қырандары» әзіл-ысқақ театрының актеры Жанболат Найзабеков, «Нысана» театрының актеры Нұрбол Айтулов, «Шаншар» театрының актеры Нұржан Құлшынбаев және басқалар бар. Бұл тізімге «Алып қашу операциясы» фильмінде әйелдің бейнесін сәтті сомдап шыққан Тұрсынбек Қабатовты да қосуға болады.