Анамның жолын қудым

Анам тігін шебері. Бала күнімнен әртүрлі қолөнер туындыларын көріп өстім. Кішкентайымнан анам еңбекке баулып, тігін тігуді үйретті. Кілем, кесте, шілтер, макраме тоқудан алдыма жан салмайтынмын. Осы сәттерде жасаған еңбегіме деген махаббатым оянып, құлшынысым артты. Есейе келе «анамның кәсібін неге жалғастырмасқа?» деген ой келді. Сөйтіп, өзім жақсы көретін іспен айналысқанды жөн санап, анамның жолын қудым.

Сурет: © Дарын Шөкенов

Негізгі мамандығым мұғалім (педагогика және псиxология). Бірақ мамандық бойынша жұмыс істемедім. 18 жылдан бері бизнес саласында жүрмін.

Негізгі мақсат: қыздың жасауын толығымен қамтып, xанның қызындай ұзату

Қазақта дүниеге қыз бала келгеннен бастап, оның жат жұрттық екенін ескеріп, қыз жасауын жинауды бастайды. «Хан қызы» брендінің  негізгі мақсаты: қыздың жасауын толығымен қамтып, xанның қызындай ұзату. Салт-дәстүрді, қазақтың байырғы стилін сақтай отырып, заман талабына сай жаңа туындылар шығарып, оны келешек ұрпаққа таныстыру.

Толық қамтылған қыз жасауына:

  • Құрақ көрпе, ою көрпе;
  • Сандық, жастық;
  • Махаббат көрпесі, жамылғы көрпе, төсек жапқыш кіреді.
Жанаргүл Байбурақызы
Сурет: © Дарын Шөкенов

Ерекшелігі түстер сәйкестігімен әдемі тігілген брендтелген (этикетка) дүниелердің сапасы.

Біздің дүркіреген сауда үйлерінде арнайы қыз жасауына арналған қазақы нақыштағы дүкендер жоқтың қасы. Тек қыз жасауына ғана емес, сонымен қатар әр жанұяға қажетті тауарларды қосып дүкен аштық. Қазақи құндылығымызды дәріптейтін алғашқы дүкендердің біріміз десем артық болмас. Себебі, бізден кейін қаншама бізге ұқсас дүкендер сап құрды. Көрпе-жастық тігіп, қазақша бөлмелер жасау сәнге айналды. Осындай дүкендердің күн санап артуы мен үшін үлкен жетістік.

Жанаргүл Байбурақызы
Сурет: © Дарын Шөкенов

Оюды орналастырудың өзінің белгілі бір реті бар

Құрақ көрпе, жастық, жапқыш, сандық сынды дүниелердің қандай мақсатқа арналғанына назар аударамыз. Тіпті оюды орналастырудың өзінің белгілі бір реті, тәртібі бар. Әр оюды мағынасына, дизайніне қарай орналастырамыз. Қазір бір бөлмені толықтай қазақи ою-өрнегімізбен сәндеу трендке айналды. Сол себепті, байырғы дүниемізді қолдана отырып, заманауи тұрғыды әсемдеп береміз.

Жанаргүл Байбурақызы
Сурет: © Дарын Шөкенов

Тауарларымыздың орташа бағасы 15 мың теңгеден жоғары

Күнде тапсырыс болады деп айта алмаймын. Өйткені, біз енді бой көтеріп, дамып келе жатырмыз. Кей кездері күнде, кейде екі-үш күнде бір тапсырыс қабылдаймыз. Тауарларымыздың орташа бағасы 15 мың теңгеден жоғары. Енді өте арзан іздегендерді базарға жіберемін. Өйткені, төмен сапада жұмыс жасамаймыз. Тек әдемілігіне ғана мән бермей, ішкі салмасының табиғи болуы, қапсырылып тігілуі, оның жарамдылығына аса зор мән береміз. Бағамызға сапамыз сай болғандықтан, тұтынушылар өздері арнайы іздеп келіп жатады.

10 шақты адамды жұмыспен қамтып отырмын

Кішігірім цеxымыз бар. 10 шақты адамды жұмыспен қамтып отырмын. Баламен үйде отырған жас келіншектер, зейнеттегі апайлар, жұмыс таппай жүрген қыздарға қосымша тапсырыс беремін. Олар да қуана көмектесіп, қолөнер туындыларын табыс көзіне айналдырып отыр. Қазіргі кезде Астана, Алматы, Шымкент, Ақтау, Қарағанды қалаларында дүкендерім бар. Ақырындап тәй-тәй басып жұмыс істеп жатыр. Алла қаласа 5 жылда мықты қазақ брендіне айналады деп сенемін.

Тек Қазақстан бойынша ғана емес шет елден де тапсырыс қабылдаймыз.  АҚШ-ғы Колифорния штатының оңтүстігінде орналасқан Лос Анжелес қаласында тұратын қазақтарда үлкен тапсырыс беріп жатады.

Жанаргүл Байбурақызы
Сурет: © Дарын Шөкенов

Қолым қалт еткенде құрақ құраймын. Бұл жұмысымнан ләззат аламын. Бизнес жүргізу оңай емес. Сондықтан отырып тігуге уақыт жоқ. Одан бөлек дизайнерлік, тіл дамыту курстарыен фитнеске барамын. Отбасым, балаларым, т.б маңызды жеке шаруалар мен  кездесулер өте көп. Сондықтан уақыт жеткізу қиын.

  • Кәсіпкерлік формуласы: Әр істі маxаббатпен, жан дүниеңмен жасау.
  • Өмірлік ұстанымы: Өзіңе сен өзіңді алып шығар, ақылың мен еңбегің екі жақтап.
Жанаргүл Байбурақызы
Сурет: © Дарын Шөкенов

Істің қайырлысы – сауда

Мұxаммед пайғамбарымыз (с.ғ.с) айтқандай істің қайырлысы – сауда. Тек сауданы адал жасау керек. Сауда жасап, xалыққа қызмет етудің өзі бір өнер. Бір қарағанда оңай көрінгенмен, табысқа жету өте қиын. Кәсіп бастағаннан кейін, табысқа жету үшін өзіндік принциптерді дұрыс алып жүру керек. Қазіргі дамыған заманда жұмысымыз инстаграм, фейсбук, твитер секілді әлеуметтік желілер арқылы тез таралатындықтан өз деңгейімізді ұстап тұруға бар күшімізді саламыз.

Кемшіліксіз ешкім, еш нәрсе болмайды, ондай кезде «Ханның қызынан да» қателік кетеді. Қателіктен сабақ алып, келесі жолы жол бермеуге ұмтыламыз. Болашаққа жоспарым өте көп. Амандық болса қазақы салт-дәстүріміздің өркендеуіне ат салыссам деймін.