Қазақстан Президенті алты адамды Жоғары сот кеңесінің мүшесі етіп тағайындады. Бұл туралы ҚР Жоғары сот кеңесінің баспасөз қызметі хабарлады.
Мемлекет басшысының 2019 жылғы 26 ақпандағы № 862 жарлығымен Қазақстан Республикасы Жоғары сот кеңесінің мүшелері болып Жоғарғы сот судьясы Мейрам Жанғұттинов, Шығыс Қазақстан облыстық сотының судьясы Нұрмаханбет Елемесов, Алматының Медеу аудандық сотының судьясы Ел-Назар Манапов, Жоғарғы сот жанындағы Сот төрелігі академиясының ректоры, заң ғылымдарының докторы, профессор Төлеш Қаудыров, «Қазақстанның заңгерлер одағы» республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы Серік Ақылбай тағайындалды.
Ведомствоның баспасөз қызметінің хабарлауынша, адвокат Балгүл Раисова Жоғары кеңес құрамына адвокаттық қауымдастықтан қайта тағайындалды.
Осы жарлықпен Жоғары сот кеңесінің бұрынғы алты мүшесінің өкілеттігі тоқтатылды.