Отырыста Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Нұр Отан» партиясының XVIII съезінде жариялаған маңызды бастамаларына айрықша назар аударылды. Елбасының аз қамтылған тұрғындарды әлеуметтік қолдау, баспана мәселесін шешу, білім және денсаулық салаларын жақсарту, өңірлерді кешенді дамытуға бағытталған ауқымды бастамаларына тоқталған Мәжіліс төрағасы олардың барлығы қаржылық тұрғыдан да қолдау табатынын және елімізде әлеуметтік жаңғыртудың жаңа кезеңі басталғанын айтты.
Осы орайда палата спикері депутаттық корпустың рөлі зор екенін айтты.
Ең алдымен Президентіміздің «Нұр Отан» партиясының съезінде берген барлық тапсырмасын жедел әрі сапалы заңнамалық қамтамасыз етуіміз қажет. Елбасы Мәжіліс депутаттары, әсіресе, мемлекеттік және салалық бағдарламаларды іске асыруға мониторинг жасау жұмыстарына белсене қатысуға тиіс екенін мәлімдеді. Біз осы тапсырмаларды аталған бағдарламаларды орындауға жауапты құзырлы орган өкілдерін Үкімет сағатында, сонымен бірге Мәжіліске кірген саяси партиялар фракцияларының отырыстарында тыңдау арқылы жүзеге асыруды жоспарлап отырмыз, — деді Нұрлан Нығматулин.
Мәжіліс төрағасы ол отырыстар үкіметтік емес ұйым мүшелерінің, сарапшылардың, БАҚ өкілдерінің қатысуымен ашық жүргізілетінін айтты. Бюро отырысында палатаның алдағы жалпы отырысының күн тәртібіне енгізілетін мәселелері де талқыланды. Күн тәртібінің жобасына ратификацияланатын бірқатар құжат жобасы ұсынылды.
Олар — Қазақстан мен Ресей Федерациясы арасындағы Байқоңырдың мәртебесі туралы келісім және Қазақстан мен Қытай Үкіметтері арасындағы Қытай Халық Республикасының жеңілдікті кредит беруі туралы келісімі. Бұдан басқа, Мәжіліс Қазақстан мен Тәжікстан Үкіметтері арасындағы Өтеусіз әскери-техникалық көмек көрсету туралы келісімді ратификациялау туралы заң жобасын жұмысқа алады.