Алматы облысының 200-ден астам фермері ІІІ ауыл шаруашылығы жәрмеңкесіне» қатысты. Бұл туралы Алматы облысының ауыл шаруашылығы басқармасы хабарлады.
«Ауылдық аймақтарды дамыту» бағдарламасы аясында ұйымдастырылған іс-шарада фермерлер тыңайтқыштарды, өсімдіктерді қорғау құралдарын, отандық және шетелдік өндіріс тұқымдарын және ауыл шаруашылығы материалдарын арзандатылған бағамен алуға мүмкіндік алды. Бұл оларға өз шығындарын едәуір қысқартуға мүмкіндік береді.
Жәрмеңкеге Алматы облысының ауыл шаруашылығы басқармасы, Алматы облысының «Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы (ҰКП), Еңбекшіқазақ ауданының және Шелек ауылдық округінің әкімдіктері ресми түрде қолдау көрсетті.
Қазан айындағы Қазақстан халқына Жолдауында Елбасы агроөнеркәсіптік кешеннің әлеуетін толығымен іске асыру қажет екенін атап көрсеткен. Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасына сәйкес, барлық мемлекеттік қолдау шараларын елге заманауи агротехнологияларды ауқымды тартуға бағыттау қажет. Қазіргі кезде осы технологиялар біздің облысқа да жетіп отыр, егін алқаптары цифрлық нысанға көшіріліп жатыр, жәрдем қаражат беру үдерісі автоматтандырылып, ауыл кәсіпкерлері шаруашылықты жүргізудің жаңа дағдыларына оқытылып жатыр. Бүгінгі Жәрмеңке біздің аймақтың ауыл шаруашылығы өндірушілері арасында тәжірибе және озық практикамен алмасудың тағы бір мүмкіндігі болмақ, – деді Алматы облысының ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Коюмчан Омаров.
Фермерлер ауыл шаруашылығын цифрлық жүйеге көшіру және субсидиялау бойынша бизнес-үдерістерді автоматтандыру туралы білді. 2018 жылдан бастап өтінім беру және субсидия алу процесі толығымен автоматтандырылған, бұл сыбайлас жемқорлықты азайтады процесті ашық етеді және қарау мен шешім қабылдау уақытын үнемдейді. Егер бұрын өтінім беруден бастап субсидия беру туралы шешімге дейінгі процесс бір айға созылса, енді ол үш күнге дейін қысқарды.
Алматы облысы әкімдігі мен «Атамекен» ҰКП өкілдері фермерлерге субсидияларды қалай алу керегін және оларға мемлекеттің қолдауы қандай пайда әкелетінін түсіндірді. 1 қаңтардан бастап сатып алу нормалары бойынша таңдаулы тұқымдар мен 1 репродукция тұқымдарын субсидиялауды ескеретін тұқым өсіру шаруашылығында жәрдем қаражат берудің жаңа тәсілі енгізілген. Бұл ретте тұқымдар ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушіге бастапқы жарнасыз төлемнің күзге дейін қалдырылуымен беріледі, ал олардың шығыстары облыс әкімдігімен 100%-ға өтеледі. Күзде, егін жиналғаннан кейін, ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіруші Мамандандырылған ұйымға норма бойынша таңдаулы тұқымдар немесе 1 репродукция тұқымдар құнының 30%-ын қайтарады.
Биылғы жәрмеңкеде өткен жылға қарағанда екі есе көп фермер қатысып жатыр. Бұл өзін алдағы көктемгі егіс маусымын жоспарлау өтетін алаң ретінде әлдеқашан танытқан іс-шараның өсіп келе жатқанын көрсетеді. Жәрмеңкенің арқасында, фермерлердің өнімдерді жеткізушілерден тікелей алу мүмкіндігі пайда болды. Бұл олардың шығындарын айтарлықтай азайтады. Сонымен қатар, қазір олардың жыл бойы Шелек ауылындағы Агробизнес орталығы базасында ашылған «Агродүкенде» сатып алу мүмкіндігі бар. Онда фермерлер ауыл шаруашылығын жүргізу үшін барлық қажетті тауарларды ең төмен бағамен сатып ала алады. Ол біздің бағдарлама шеңберінде бизнестің қолдауы арқасында ашылды. Біздің қор бірлесе ауылдағы өмірді жақсартуға жәрдемдесетін және аймақ фермерлеріне өсу және даму үшін жаңа мүмкіндіктерді ұсынатын осы жобаны іске асыратын «Филип Моррис Қазақстан» компаниясына өте ризамыз, – деді Еңбекшіқазақ аудандық жергілікті қауымдастықтар қорының директоры Бақытгүл Елшібаева.