Алматы облысында Ауған соғысының ардагерлеріне құрмет көрсетілді

Ауған соғысының ардагерлеріне құрмет көрсету мақсатында аудандық мәдениет үйінде «Ұмытылмас ерліктер» атты салтанатты шара өтті. Бұл туралы Алматы коммуникациялар қызметі хабарлады.

Ауғанстан жеріндегі соғыстың аяқталғанына биыл 30 жыл толды. 

Аудан әкімі Марат Разбеков бастаған ауғандық ардагерлер «Жастар» саябағында жат жерде оққа ұшқан жерлес жауынгерлердің құрметіне бой көтерген ескерткішке гүл шоқтарын қойды. Жиналғандар бір минуттық үнсіздікпен есіл ерлерді еске алып, рухтарына тағзым етті.

Мәдениет үйінде өткен шараны аудандық жастар ресурстық орталығы дайындаған бейнебаян ашты. Бейнефильм барысында ардагерлеріміз Ауған жерінде өткен қиын кезеңдерді еске алып, өмір мен өлім арпалысқан сәттерін толғаныспен жеткізді. Ардагерлерді аудан әкімі Марат Разбеков құттықтап, жылы лебізін білдірді. Шара барысында аудан әкімі мен аудандық Ауған соғысы ардагерлері ұйымының төрағасы Ерболсын Тоқжігітов 30 жылдыққа орайластырылып жарық көрген «Ұмытылмас ерліктер» атты кітаптың тұсауын кесті. Қазақстандық жауынгерлердің қатарында өздерінің интернационалдық борыштарын абыроймен атқарған ауғандықтарға айрықша құрмет көрсетілді. Аудандық Ауған соғысы ардагерлері ұйымының төрағасы Ерболсын Тоқтасынұлының кеудесін аудандық мәслихат хатшысы Қадыр Абдрахманов салтанатты жағдайда табыстаған «ауданның Құрметті азаматы» белгісі көркейтсе, барша ауғандықтарға арнайы қолсағаттар мен Алғыс хаттар беріліп, құрмет көрсетілді. Бұл күнге жете алмаған жерлес ауғандық жауынгерлердің де есімдері ескерусіз қалмады. Сахна төріне көтерілген ауданның Құрметті азаматы Садуақас Садықов, аудандық Ауған соғысы ардагерлері ұйымының төрағасы Ерболсын Тоқжігітов, Ауған соғысы ардагерінің жары Зулхабира Атабаева жүрекжарды лебіздерін ақтарды.

Аудан өнерпаздары арнайы дайындаған концерттік бағдарлама Ауған жерінде қару асынып, мұң арқалаған, ортақ тағдыр біріктірген ардагерлердің көңілін толқытқандығы сөзсіз. Шара барысында рухты әндер шырқалып, әсем билер көрерменге ұсынылды. Бұл күндер тарих қойнауына көшкенмен, адамзат санасынан өшпейді.