Басты бетЖаңалықтарАстана әкімі...

Астана әкімі ашық құдықтар мен аналар өліміне жауапты тұлғаларға сөгіс берді

Бақыт Сұлтанов Алматы ауданының әкіміне, отын-энергетика кешені және коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының орынбасарына және бірнеше коммуналдық қызмет басшысына қатаң сөгіс жариялады. Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушыға да тәртіптік жаза белгіледі.

Астана әкімінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, Бақыт Сұлтановтың төрағалығымен кезекті отырыс болды. Жиын барысында жақында жасөспірімнің қаладағы құдықтардың біріне түсіп кетіп қаза болуына байланысты уәкілетті тұлғалардың жауапкершілігі қаралды.

Өкінішке қарай, 19 ақпанда тағы бір қайғылы оқиға болды. 13 жастағы жасөспірім қаладағы ашық құдықтың біріне құлап, қаза тапты. Төтенше жағдай өткендегідей Алматы ауданының аумағында болды. Ашық құдық «Астана Су Арнасы» мемлекеттік кәсіпорнына тиесілі. Бірнеше ай бұрын жасөсіпірім қыз дәл осындай жағдайда қайтыс болғанда аудан әкімдеріне қатаң сөгіс жариялаумен ғана шектеліп едік. Бұл жазалау түрі сіздерге аз сияқты болып отыр! Ендеше Алматы ауданының әкімі Әділбек Сәрсембаевқа қатаң сөгіс жариялаймын, — деді қала әкімі.

Отын-энергетика кешені және коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары Игорь Алексеевке, «Астана Су Арнасы» МКК директоры Табиғат Зейнолқабденге, кәріз қызметінің басшысы Қуаныш Сұлтанбаев пен Алматы ауданы кәріз учаскесінің басшысы Владимир Власенкоға да осындай жаза белгіленді.

Әкімдіктің мәліметінше, қазіргі уақытта қаладағы барлық құдықтың тізімі қайта жасалып жатыр. Қақпақтарды полимер материалдан, арнайы торларды полиэтиленнен жасау көзделген.

Құдықтардың тор қақпағы ұрланған күннің өзінде құдыққа адамның, жан-жануардың, заттардың түсіп кетуінен сақтайды. Қазір 6 мың құдыққа тор орнатылған, — деп хабарлады отын-энергетика кешені және коммуналдық шаруашылық басқармасының мамандары.

Отырыста Бақыт Сұлтанов тағы бір оқиға туралы айтты. 19 ақпанда №2 перинаталдық орталықта бір келіншек еденде дәрігерлердің көмегінсіз босанып қалды.

Абырой болғанда, бала мен ананың денсаулығына зиян келмеген. Бірақ бұл жағдай ерекше бақылауға алынуы тиіс деп ойлаймын. Мұндай оқиғалар жүйесіздіктің салдарынан болған, — деді Астана әкімі.

Әкім 2018 жылы Астанада босану кезінде 8 әйелдің қайтыс болғанын, оқиғалар санының 2017 жылғы көрсеткіштен төрт есе жоғары екенін айтты.

Біздің денсаулық сақтау жүйесінде неліктен мұндай бейберекеттік болады? — деп сұрады қала әкімі.

Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушы сол күнгі оқиғаға байланысты түсінік берді.

Мұндай жағдайдың болғаны рас. Босанушы 18 ақпанда келді. 19 ақпанда оның толғағы күшейе түсті. Сағат 12-де бөлімше меңгерушісі оны қарағанда ол босану бөлімшесінде болған. Ол жылдам босанды. Бұл күні бөлімшеде 37 әйел бала туды. Осы уақытта үш акушер төрт әйелді босандырып жатқан. Сонымен бірге бөлімде күрделі операция жасалып жатты. Оған дәрігерлеріміздің барлығы жұмылдырылды. Не десек те, бұл жағдайда олқылықтар бар, — деді Әлия Рүстемова.

Бақыт Сұлтанов Әлия Рүстемоваға ресми ескерту түрінде тәртіптік жаза белгіледі.

Демек, тиісті күш салу керек. Сізге ресми түрде ескерту жасап отырмын. Барлық жүйе бойынша шаралар қолданыңыз. Бұл барлық басқа медициналық мекеме үшін белгі болуы тиіс. Сонымен бірге барлық денсаулық сақтау нысанының жұмысына мониторинг жүргізіп, штаттан тыс барлық жағдай бойынша нақты іс-қимыл алгоритмін пысықтаңыз, — деді Бақыт Сұлтанов.