Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Асқар Маминді ҚР Премьер-министрі етіп тағайындады. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі Twitter-де хабарлады.
Мемлекет басшысы Асқар Маминді ҚР Премьер-министрі болып тағайындау туралы жарлыққа қол қойды, — делінген хабарламада.
Мұның алдында Нұрсұлтан Назарбаевтың Парламент Мәжілісінің жалпы отырысына қатысып, отставкаға кеткен Үкімет басшысының орнына Асқар Маминнің кандидатурасын ұсынғаны хабарланды.
Ақорданың баспасөз қызметінің хабарлауынша, Нұрсұлтан Назарбаев мемлекеттің стратегиялық бағдарламаларын одан әрі тиімді жүзеге асырудың маңызын атап өтті.
Бұрынғы Үкімет отставкаға кетті. Осыған байланысты сіздерге жаңа Премьер-министр Асқар Маминнің кандидатурасын ұсынып отырмын. Оның мол тәжірибесі бар. Ширек ғасырдан бері бірге жұмыс істеп келеміз. Қала әкімі, Көлік министрі, Премьер-министрдің бірінші орынбасары болды. Оның жетекшілігімен, әсіресе инфрақұрылымды дамыту саласында, көп жұмыс атқарылды, — деді Қазақстан Президенті.
Нұрсұлтан Назарбаев Асқар Маминнің интеграциялық бірлестіктердің жұмысына, сонымен бірге бірлескен жобаларды іске асыруға белсенді атсалысқанын айтты.
Қазір күрделі кезең. Алдымызда маңызды міндеттер тұр. Алға жылдам ұмтылуымыз керек, — деді Мемлекет басшысы.
Жиын барысында Парламент Мәжілісіндегі саяси партиялар фракцияларының жетекшілері мен комитеттер төрағалары Асқар Маминнің кандидатурасын қолдады.
21 ақпан күні Нұрсұлтан Назарбаев Үкіметті отставкаға жіберген еді. Ол Қазақстан Республикасы Конституциясының 70-бабына сәйкес Үкіметтің орнынан кетуін қабылдап, Премьер-министр міндетін уақытша атқаруды Асқар Маминге жүктеді.