Төлем картасын қолданушылар саны бір жылда 19 миллионға көбейген

2018 жылдың 12 айының қорытындысы бойынша елімізде бөлшек сауда көлемі 10,1 триллион теңгеге жетті. Бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 13,8%-ға көп.

Finprom.kz сарапшыларының мәліметінше, әрі бұл — соңғы жылдардағы ең жоғарғы көрсеткіш. 2017 жылы бөлшек сауда көлемі 8,8 триллион теңге болып, бір жыл ішінде 15,5%-ға өскен еді.

Соңғы жылдары сатып алушылар интернет арқылы көп сауда жасайтын болды. 2018 жылдың 8 айында электрон сауда көлемі 159,6 миллиард теңге болып, бөлшек сауданың жылдық көлемінің 2,5%-ына жетті. 2017 жылы бұл көрсеткіш 106,9 миллиард теңге немесе бөлшек сауданың жылдық көлемінің 1,2%-ына тең болды.

ҚР Ұлттық экономика министрлігінің мәліметінше, көп жағдайда адамдар интернет арқылы киім-кешек, тағам, фильмдер, музыка, дәрі-дәрмек пен үй шаруашылығына қажетті тауарлар сатып алады. Интернет арқылы жиі тапсырыс берілетін қызмет түрлеріне келсек, олар — ойын-сауық шараларының билеті, туристік жолдамалар, телекоммуникация, қаржы және сақтандыру сервистері.

2019 жылдың 1 қаңтарындағы мәлімет бойынша қазіргі уақытта Қазақстан аумағында 23,4 миллион төлем карточкасы айналымда. Төлем картасын қолданушылардың саны бір жылда 19 миллионға көбейген.

Finprom.kz мәліметінше, төлем инструменттерінің ең кең тараған түрі — төлем тапсырмалары, 2018 жылдың желтоқсанында транзакция сомасы 28,5 триллион теңге болған. Екінші орында — төлем карточкалары: транзакция көлемі желтоқсанда 2,2 триллион теңге болды, үшінші орында — төлем ордері: желтоқсанда транзакция көлемі 275,4 миллиард теңгеге жетті. Электрон төлемдер бойынша транзакция сомасы желтоқсанда 272,3 миллиард теңге болды.