Алексей Цой ҚР Президенті Іс басқармасының Медицина орталығының басшысы болып тағайындалды. Бұл туралы орталықтың баспасөз қызметі хабарлады.
Алексей Цой — медицина мен басқару саласындағы жоғары санатты кәсіпқой маман. Оның медициналық және заңгерлік білімі бар, іскерлік әкімшілендіру докторы, медицина ғылымдарының кандидаты, — делінген ҚР ПІБ МО баспасөз қызметінің хабарламасында.
Алексей Цой Лондондағы Sels College-ді, Қазақ мемлекеттік медицина академиясын, Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік медицина академиясын, «Дәнекер» халықаралық құқық және халықаралық бизнес институтын, РФ Президенті жанындағы Ресей халық шаруашылығы және мемлекеттік қызмет академиясының Корпоратив басқару жоғары мектебін, Халықаралық бизнес академиясын тәмамдаған. Еңбек жолын хирург-эндоскопист болып бастады. 2007-2010 жылдары ҚР Президенті Іс басқармасының Қазіргі заманғы медициналық технологияларды енгізу орталығының басшысы, 2010-2011 жылдары ҚР Президенті Іс басқармасы Медицина орталығының басшысы болды.
2011-2014 жылдары Астанадағы №1 қалалық аурухананың бас дәрігері, 2014 жылдан бері ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі болып қызмет етті.
Еске салайық, бұған дейін Алексей Цойдың Денсаулық сақтау министрінің орынбасары қызметінен босатылғаны хабарланған еді.