Кеңес Одағы ыдырағаннан кейін елімізде қылмыс саны күрт артып, ұйымдасқан қылмыстық топтардың әрекеті белең алған еді. Күш көрсету, қорқыту-үркіту арқылы өзгенің мүлкін тартып алу — рэкет өршіді. Қылмыстық топтарға жетекшілік еткендер туралы ресми мәлімет сол кезеңде көп айтылмады. Ішкі істер, ұлттық қауіпсіздік органдарына басшылық еткен қайраткерлер тәуелсіздіктің алғашқы жылдары қылмыс әлемімен қалай күрескенін кейінгі жылдары ғана жария ете бастады. 

«Баха-Фестиваль»

«Баха-Фестиваль» лақап атымен танымал рэкетирдің есімі — Бақыткелді Баясов. Ол 1963 жылы Алматы облысы Райымбек ауданы Қарасаз ауылында дүниеге келген.

Баха Фестиваль. Фото: Аbai.kz

Бақыткелді 17 жасында мектепті тәмамдап, қазіргі «Нархоз Университетіне» оқуға түседі. 1-курсында әскер қатарына шақырылып, борышын өтеу үшін Ауғанстанға аттанады. 1981 жылы алғашқы лекпен Ауғанстандағы соғысқа қатысады.

Бақыткелдінің қылмыс әлемінің серкесіне айналуына да Ауғанстанда көрген әскери қақтығыс әсер етсе керек. Ауғанстаннан келе салып оқуын жалғастырады. Бірақ оны аяқтамай, баспаханада жұмыс істеп көреді. Бақыткелдінің туыстары оның қоғамда өзінше тәртіп орнатқысы келген батыл азамат болғанын айтады.

Қазақтың белгілі боксшысы Бекзат Саттарханов 20 жасында өмірден озды. Сөйте тұра ол өмірге келгендегі миссиясын толық атқарып, Сидней Олимпиадасында қазақтың туын көкке желбіретті. Меніңше, Бақыткелдінің де өмірге келгенде атқаруы тиіс өзіндік миссиясы болды. Ол сол миссияны адал атқарып, өз заманының батырына айналды. Көп азаматқа көмек қолын созды. Күштілердің бәрі Бақыттан ығатын-ды. Оның жаны әділдікті қалайтын, тәртіпті жақсы көретін, айтқанын орындайтын, орындатқызатын. Мұның бәрі  — өнер. Бір ғана мысал, Бақыткелді Өскемендегі шешендер мен қазақтар арасындағы түйткілді мәселелерді шешті. Осы оқиғадан кейін оның абыройы қатты өсті. (Бақыткелдінің ағасы Амангелді Баясов «Жұлдыздар отбасы» журналына берген сұхбатынан)

«Баха-Фестиваль» қайтыс болмас бұрын өз достарына мешіт салу туралы ойын іске асырғысы келетінін айтқан. Тіпті Алмарасанға барар жолдан жер де сатып алады. Бірақ ол мешіттің құрылысы аяқталмай жатып қайтыс болды. 

Бақыткелдіге Кеңсай жақта, Асқар есімді досының үйінде қастандық жасалды, алған жарақатынан 1993 жылы 7 қазанда көз жұмады. 

«Рыжий Алмаз»

Несіпбай Нәсенов 1961 жылы Семей өңірінде дүниеге келген. Ол 90-жылдары бұзақылық үшін айыпталып, бірнеше мәрте түрмеге қамалған.

Рыжий Алмаз. Фото: vkfaces.com

«Рыжий Алмаз» Қырғызстанда жүріп те істі болады. Ыстықкөл аудандық халық сотының үкімімен «қарулы шабуылға қатысты» деген айыппен бес жылға сотталады. Сол кездері баспасөз беттерінде оның түрме университетін үздік бітіргені, түрме заңын жетік білгені, сонымен қатар ақша жасау мен адам тануды да мықты меңгеріп шыққаны жайлы жарыса жазылды.

Туған тілімен бірге орыс, армян, шешен, сыған тілдерін жақсы білген, ағылшын тілін үйренген деседі. Спортпен, оның ішінде айкидо өнерімен айналысып, қол астына қараған жігіттерді шығыс жекпе-жегіне баулыған деген деректер де бар.

Ол мен ән айтқан мейрамхана қожайындарының бірі болатын. Мені сол мейрамханада көріпті. Көрген соң өздерімен бірге бір дастарханда отыруымды сұрады. Бізде «мейрамханадағы әнші кез келген адаммен бір дастарханда отырып іше береді» деген түсінік қалыптасқан ғой. Бірақ мен оңайлықпен беріле салатын адам емеспін. Алмаз да маған оңайлықпен қол жеткізген жоқ. Ол менің артымнан көп жүгірді. Тіпті, менімен бірауыз тілдесе де алмады. «Тұрмыстамын, анау-мынау» деп сылтау айтып қашып жүрдім. Менің түсінігімде ер адам біреуді қаласа, оған қол жеткізе білуі керек. Алмаз менен 17 жас үлкен болғандықтан кішкентай бала сияқты қарайтын. (Жары Ситора Назарованың сұхбатынан).

«Рыжий Алмаздың» үстінен 1992 жылы Алматыда үш бірдей бап бойынша қылмыстық іс қозғалды. Оған суық қару сақтады, салықтан жалтарды және дәулетті азаматтарды қорқытып-үркітуге қатысты деген айып тағылып, бес жылға бас бостандығынан айрылады.

Павлодар мен Маңғыстау түрмелерінде жазасын өтеген ол бостандыққа шыққан соң күзет фирмаларын құрып, заңды кәсіппен айналысады. Көп ұзамай шетелге кетеді, кейін шекара сыртынан тек мүрдесі оралды. «Рыжий Алмаз» 1998 жылдың 31 мамырда Барселонадағы вилласында оққа ұшты деген дерек бар.

Сабыр Мүсілім

Сабыр Мүсілім Оңтүстік Қазақстан облысында дүниеге келген. Танитындар Сабырды сол уақытта «жетім-жесірді жебеп, жұмыссыздарға көмектескен, қылмысты азайтуға күш салған азамат болды» деп еске алады.   

Сабыр Мүсілім. Фото ашық дереккөзден

Танымал актер Тәуекел Мүсілім — осы Сабыр Мүсілімнің тұңғышы.

Тәуекел деген атымды әкем қойған. Тағдырдың жазуымен әке мен шешем кішкентай кезімде ажырасып кетті. Әке тәрбиесін көрмей өскендіктен ол кісі туралы мардымды ештеңе айта алмаймын. Анам біздің араласуымызға қарсы болған жоқ. Әлі күнге дейін енесінің алдын кесіп өтпей, сәлемін салады. 9-сыныпта әкеммен үш айдай бірге жүрдім. Әкем спортқа жақын еді. Поэзияны, өнерді сүйетін. Кез келген отырысты жандырып жіберетін. Маған үнемі «оқы, келер заман – білімділердің уақыты» дейтін. Расында, қазір – білектің емес, білімнің заманы. Ол кісіге ұқсаймын деп айта алмаймын. Кейде өз ойымды жасырып, үндемей қалатын жасықтау мінезім бар. Әкемнің қолында өскен болсам, мінезім басқаша болар ма еді. Бірақ ішімде бір қайсарлық бар екенін сеземін. Әкемнің көзін көрген жұрт «бұл — Сабырдың ұлы ғой, тектінің көзі» деп жатады. Әке атына лайық болсам деймін (Тәуекел Мүсілімнің “Жұлдыздар отбасы” журналына берген сұхбатынан).

Сабыр Мүсілімнің көп әрекеті заңға қайшы болған. Полициямен тіл табыса алмаған азаматқа тоғыз түрлі бап бойынша айып тағылғанымен көбі дәлелденбейді. Кейін ол суық қару сақтады деген айыппен 3 жылға түрмеге қамалады. Бостандыққа шыққан соң ұзақ ауырып, Алматыда қайтыс болды.

«Ағайынды төртеу»

Интернетте кейін «Айшуақ-Жантүгел» деп атала бастаған «Ағайынды төртеу» ұйымдасқан қылмыстық тобына Серік Жантүгел деген атпен танымал Серік Матышев, Құрманғали Сатыбалдиев және Еркін Ізбасар жетекшілік еткен.

Еркін Ізбасар. Фото: Тoday.kz

Олардың Ақтау мен Алматыдағы жанар-жағармай материалдарының, киім-кешек базарларының, автотұрақтардың және астық бизнесіне басшылық еткені жайлы мәліметтер бар. «Ағайынды төртеу» өз қатарына құқық қорғау органдарының бұрынғы қызметкерлерін, ауған ардагерлерін және мансап жолы сәтсіз болған спортшыларды жинаған және солар арқылы жасақ құрған деседі.

Мүгедектер арбасына таңылған Еркін Ізбасар Ақтөбеде мұнай ұрлау және сату процесін бақылады деген айыппен сотталып, 2018 жылы 12 жылға бас бостандығынан айырылған еді. Ол арбаға танылғанға дейін еркін күреспен айналысыпты, спорт меценаты ретінде аты шыққан.

Мен осы жекпе-жек түрімен айналыстым, спорттың осы түріне деген әуестік өмір бойы қалып қойды. 1998 жылы жол апатына ұшырап, содан бері спортпен қош айтыстым. Бірақ сонда да жаттығу залына барғым келіп тұрады. Енді тек палуандарымызға қолдау көрсету үшін барамын. Жетістіктер көбейе түседі. Облыста күрес мектептері көп, жас дарындар таяуда барлық жағдайы жасалған спорт интернатында шеберлігін шыңдай алады («Спортивная борьба Дагестана»  басылымына берген сұхбатынан).

Сонымен қатар 90-жылдары Қазақстанда басқа да қылмыстық топтар көп болды. Олар: «Америкалық Берік», «Титаник» («Семейлік Леха»), «Адай», «Абрам», «Садко мен Сейконың» тобы, ағайынды Каримовтар, Сайғақтар, Қырықбаевтар, және тағы басқалар.