Мәжілісте «Жер ресурстарын ұтымды пайдаланудың өзекті мәселелері» тақырыбында өткен дөңгелек үстел барысында қоғамдық ұйым өкілдері ауыл шаруашылығы жерлерін пайдалануға байланысты ұсыныстарын айтты.
Мәжілістің баспасөз қызметінің хабарлауынша, шара барысында Мұхтар Тайжан да ұсыныстарын айтты. Қоғам қайраткерінің айтуынша, жерге мемлекеттік меншікті сақтай отырып, ауыл шаруашылығы жерлерін жалға беру институтын жетілдіру керек. Жалға беру құқығы ашық электрондық түрде тек Қазақстан азаматтарының арасында және тек қазақстандық заңды тұлғалармен жүзеге асырылуға тиіс.
Мұхтар Тайжан қазір ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілер төлеп отырған бірнеше салық түрін біріктіретін бірыңғай салық енгізуді де ұсынды.
Бүгінде пайдаланылмай тұрған ауыл шарушылығы жерлеріне аздаған салық салынады. Ал жұмыс істеп тұрған кәсіпорынға 7 қосымша салық қаралған. Егер бірыңғай аграрлық салық түрі енгізілсе, ол оның бос тұрмай, жұмыс істеуіне жол ашады. Жерді пайдаланудың барлық процесіне қатаң бақылау жасау үшін ғарыштан мониторинг жасауды заңдастыру ұсынылды.
Мұхтар Тайжанның пікірінше, ауыл шаруашылығы жерлерін көпжылдық және сенімсіз банк кепілдіктерінен шығару мәселесі де заң тұрғысынан шешімін табуы қажет.