Басты бетЖаңалықтарЖансейіт Түймебаев...

Жансейіт Түймебаев Түркістан облысында шешілуі тиіс үш негізгі мәселені атады

Түркістан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев халық алдында есеп беріп жатыр. Өңір басшысының есеп беру кездесуі әкімдіктің Facebook-тегі ресми парақшасында тікелей трансляцияланды.

Бүгінгі кездесуіміздің бірнеше ерекшелігі бар. Мұндай басқосуды облысымыздың жаңа орталығында алғашқы рет өткізіп отырмыз. 2018 жыл өңіріміз үшін өте маңызды оқиғаларға толы болды. Елбасымыздың тарихи жарлығымен облыс атауы өзгеріп, әкімшілік орталығы 200 жылға жуық Қазақ хандығының астанасы болған Түркістанға көшірілді. Бұл тарихи оқиға өңірімізге ерекше серпін бере отыра облысымыздың жан-жақты дамуының жаңа мүмкіндіктеріне жол ашты, — деді Жансейіт Түймебаев.

Облыс әкімінің айтуынша, Сарыағаш және Мақтаарал аудандарының бөлініп, Келес пен Жетісай аудандарының құрылуы да — өткен жылдың ерекше оқиғаларының бірі. Жансейіт Түймебаев осы тарихи және әкімшілік-аумақтық өзгерістерге байланысты үш негізгі мәселені шешу қажет болып тұрғанын айтты. Оның біріншісі — Түркістан облысы халқының әл-ауқатын арттыратын экономикалық жүйенің даму бағытын анықтау, әл-ауқатты арттырып, тұрғындарға қызмет ететін инфрақұрылымды дамыту, үшіншісі — Түркістан облысында адам капиталын заманға сай қалыптастыру.

Жансейіт Түймебаевтың айтуынша, Түркістан облысы экономикасын төрт сала алға сүйремек: өнеркәсіп, кәсіпкерлік, ауыл шаруашылығы және туризм.

Экономиканың басты көрсеткіші — жалпы өңірлік өнім былтыр 2017 жылмен салыстырғанда 4 %-ға өсіп, 1 103,9 миллиард теңгеге жетті.

Көптеген кәсіпорындардың қуатын арттырып, технологиялық процесті модернизациялаудың арқасында өнеркәсіп секторының орнықты дамуына қол жеткіздік. 2018 жылы өнеркәсіп өнімінің көлемі 453,8 миллиард теңге болып, 43,1 миллиард теңгеге өскен. Өңдеу өнеркәсібі дамып келеді. Мұнда 236,9 миллиард теңгенің өнімі өндіріліп, өсім 13,7 миллиард теңгеге артты. Индустрияландыру картасы аясында 2018 жылы 10 жоба іске асырылып, 800-ден аса жұмыс орны ашылды, — деді әкім.

Облыс басшысының айтуынша, 2019 жылы индустрияландыру картасы аясында инвестициялық құны 11,9 миллиард теңге болатын 15 жоба іске асырылады.

Былтыр өңіріміздің инвестициялық климатын жақсарту үшін Елбасы жарлығымен Түркістанда 1338 гектарда «Түркістан» арнайы экономикалық аймағы құрылды. Ежелгі әлемдік экономиканың өзегіне айналған Ұлы Жібек жолының Оңтүстіктің ортасынан өтуі бекер емес. Бұл өңір халқының кәсіпкерлік пен сауда-сатыққа бейімділігі тарихи дәстүрмен қалыптасқан. Кәсіпкерлер облыс экономикасына айтарлықтай үлесін қосып жатыр. Жұмыс істеп тұрған шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны — 130 804. Бұл көрсеткіш бойынша облыс республикада еліміздің қаржы орталығы саналатын Алматыдан кейінгі екінші орында, — деді Жансейіт Түймебаев.

Әкімнің мәліметінше, кәсіпкерлікті қолдау мақсатында «Оңтүстік» аймақтық инвестициялық орталығы 2018 жылы 4,7 миллиард теңгеге 1 193 жобаны қаржыландырды, 1 403 жұмыс орны ашылды. «Бизнестің жол картасы — 2020» бағдарламсы аясында 4,5 миллиард теңге бөлініп, 456 жоба қолдау тапты. Былтыр облысқа 288,1 миллиард теңге инвестиция тартылды. Инвесторларға «бір терезе» қағидатымен қызмет көрсететін «Түркістан Инвест» компаниясы құрылып,                      қазір жалпы құны 1 миллиард 147 миллион доллар болатын 24 ірі инвестициялық жоба қолға алынды. Бұл 14 000-нан астам жұмыс орнының ашылуына себеп болады.