ипотека пәтер несие баспана тұрғын үй
Фото: Kn.kz

Бауыржан Байбек қолдауға зәру көпбалалы отбасылардың алғашқы жарнасының төлемін субсидиялау мүмкіндіктерін қарастыруды тапсырды. Бұл туралы Алматы әкімдігінің қоғаммен байланыс қызметі хабарлады.

Қала және аудан әкімдіктері тұрмысы төмен көпбалалы аналармен кездесулер өткізді. Аудандық филиалдар басшыларының есепті кездесулерінен ұсыныстар түсіп жатыр. Сараптама тұрғын үй мәселесінің барынша алаңдататынын көрсетті. Қаржы тапшылығы салдарынан олардың тұрғын үй алудың жеңілдетілген бағдарламасына қатысуға да мүмкіндіктері жоқ. Сондықтан төрт және одан да көп баласы бар отбасылардың алғашқы жарнасының төлемін субсидиялау мүмкіндігін қарастырған жөн, — деді Бауыржан Байбек.

Бұрын Алматы әкімі «Бақытты отбасы» атты көпбалалы аналардың орталығын құруды, мұнда оларға заңнамалық, психологиялық кеңестер мен реабилитациялық көмек көрсетуді ұсынған болатын. Бұл орталық бір терезе қағидасы бойынша жұмыс істейді және көпбалалы аналарды жұмысқа орналастырылады.

Сонымен қатар, Бауыржан Байбек әлеуметтік әл-ауқат, стратегия және бюджет басқармаларына және басқа да құзырлы органдарға бір апта ішінде осы мәселе бойынша жұмыс істеуді және нақтылы ұсыныстар айтуды тапсырды.

Алматы бюджеті әлеуметтік бағытқа негізделген және халықты әлеуметтік жағынан қамтуға бөлінетін қаржы жыл санап артып жатыр. Қазіргі кезде бюджеттің 50%-дан астамы (200 миллиард теңге) денсаулық сақтауға, білімге, тұрмысы төмен жандарға көмек көрсетуге, коммуналдық шығындарды субсидиялауға, түрлі жәрдемақыларды төлеуге жұмсалып жатыр.

«Нұр Отан» фракциясы мәслихатта түрлі әлеуметтік мәселені көтереді. Олардың ұсыныстарының барлығы жергілікті атқару органдарында оң шешімін тауып, қалада іске асырылып жатыр.

Мысалы, 2016 жылдан бастап партия фракциясының бастамасы бойынша балабақшалар төлемі 27 ден 15 мыңға азайды. Ол үшін бюджеттен жыл сайын 3 миллиард теңгеден астам қаржы бөлінеді, мұнда 60 мың отбасы қамтылған. Соңғы төрт жыл ішінде мемлекеттік тапсырыс есебінен балабақшадағы орындар саны үш есе артып, қаржы 4,7 мыңнан 15,5 мыңға өсті. Жалпы, бала бақша орындарын субсидиялау үшін жыл сайын 18 миллиард теңгеден астам қаржы бөлінеді. Бұл цифр үш жыл ішінде 2 есе өсті.

Тұрмысы төмен көпбалалы отбасылардың 11-сыныпқа дейінгі балалары тегін тамақтанады әрі оларға мектеп формасы тегін беріледі. Мұндай қажеттіліктерге жыл сайын 800 миллион теңгеден астам қаржы бөлініп келеді. Көпбалалы отбасылардың 4 мыңнан астам баласының тегін демалысын ұйымдастыруға жыл сайын 230 миллион теңге қарастырылған.

Сонымен бірге, соңғы төрт жыл ішінде партия ұсынысы бойынша көпбалалы отбасылардың мүшелері, мектеп, колледж оқушылары ЖОО студенттері мен зейнеткерлер жолақының жеңілдетілген 50%-ын ғана төлейді, бұған жыл сайын 5 миллиард теңгеден астам қаржы жұмсалады. 350 мыңнан астам адам жеңілдікпен қамтылған.

Партия бастамасы бойынша түрлі өтемақылар беріледі. Мысалы, 2,3 мың отбасының, оның ішінде көпбалалы аналардың коммуналдық шығындары өндірілді. Осы категориядағылардың үйлеріне есептегіш коммуналдық қондырғыларды орнату шығыны өтеліп жатыр. Бүгінде 1000-нан астам отбасыға 50 миллион теңгеден астам қаржылай көмек көрсетілді.