Басты бетТанымАтпа найза қандай қару?

Атпа найза қандай қару?

Ертеде найзаны аң аулау үшін пайдаланған. Себебі ежелгі адамдар қару жасау жолын білмейтін. Кейін найза соғыс қаруына айналған. Адамдар өз жерін, халқын қорғау үшін бір-бірімен найзаласып соғысқан.

Жауынгерлер жекпе-жекке шыққанда әуелі найзаласатын. Өйткені найзаласу арқылы батырдың шеберлігі сыналады. Кейде батырлар найзасының басына ту қадап, шашақ не үкі байлап, жорықты басқарған.

Найзаның ұзындығы шамамен 3-4 метр болады. Қарудың өзі ағаштан, ал ұшы түрлі металдан жасалады. Найзаны жасайтын шебер оның ұшын өз қиялымен дамытып, түрлі пішінге келтірген.

Шеберлер қаруды сом темірден де жасаған. Бірақ ол ауыр болған соң аса көп қолданылмаған. Найзаның мұндай түрін тек атты әскерге тосқауыл ретінде пайдаланған.

Ереуіл атқа ер салмай,

Егеулі найза қолға алмай,

Еңку-еңку жер шалмай,

Ерлердің ісі бітер ме? — деп Махамбет Өтемісұлы найзаны жырға қосқан.

Тарихи деректерде Қабанбай батырдың өте мықты найзагер болғаны айтылады. Салт атты батыр найзамен дұшпанға қарсы шапқанда қатарынан бірнеше адамды түйреп өткен.

Атпа найза — осындай қарудың бір түрі. Оның ұзындығы кәдімгі найзаға қарағанда қысқа әрі салмағы жеңіл. Ғалымдардың мәліметінше, атпа найза жоғары палеолит дәуірінде қолданылған. Оның ұшы тастан, сүйектен жасалған. Атпа найзаны ертеде мексикалықтар, бразилиялықтар мен папуастардың да пайдаланғаны жөнінде деректер бар. Тарихта Рим жаяу әскері атпа найзамен қаруланғаны айтылады.

Атпа найзаны лақтырғанда 30 метрден 70 метрге дейін жеткен. Қыпшақтар атпа найзамен әскер жасақтап, соғыс тәсілдерінде қолданатын. Қарудың бұл түріне қауырсын не арнайы ысқырық орнатылған. Өйткені найзаны лақтырғанда қауырсын оны алысқа ұшырса, ысқырық дәл көздеуге ықпал еткен.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Тағы да