Басты бетТанымШертер - қобыз атасы

Шертер — қобыз атасы

Шертердің көлемі домбырадан кіші, бірақ дыбысы зор, ал сырт көрінісі қобызға ұқсайды. Сондықтан шертерді қобыздың атасы деп атайды.

Шертер қазақ халқының музыкалық аспаптары ішінде айрықша орын алады. Оны аңыз, ән, ертегі айтқанда қолданған.

Бұрын шертерді қобыз сияқты жасаған. Иілген ағаштың тұтас кесегін терімен қаптаған, содан кейін қысқа мойнына жылқы қылынан ішек тартты. Шертердің тұтас ағаштан жасалуы кездейсоқ емес. Халық бұл аспапта ағаштың рухы болады деп сенген.

Шертердің бір ғана құлағы болады, сол құлақ арқылы екі ішек жүргізілген. Оның біреуін аспаптың басына, ал екіншісін құлағына бекіткен. Аспапты тарту үшін бірінші шекті қолмен тартып, екінші шекті тартылған алғашқы ішектің дыбысына сай шертеді. Міне, осы кезде шертерден жұмсақ, жағымды әрі қоңыр үн шығады. Өйткені былғары қаптама арқасында шертердің дыбысы аса жұмсақ естіледі.

шертер
Фото: Nomadmgz.kz

Аңыздарда шертерді көбіне бақташылар тартқан дейді. Биік құз басына отырып, шертер тартқанда оның әсем дыбысына мал үйірілетін болған. Бірақ шертерге арналып шығарылған халық күйлері кеңес заманында жойылып кетіп, бүгінге жетпеген. Сондықтан қазір шертер тарту кенде қалып отыр.

Қазіргі Семей аумағында Қызыл төңкеріске дейін шертершілер мектебі қалыптасқан еді. Кейін кеңестік иделогия салдарынан мектеп жабылып қалды да, тек «Ойтолғау», «Сал күрең» күйлері сақталған. Оны зерттеуші, орындаушы Зәмзәгүл Ізмұратова нотаға түсірген.

Шертердің көне замандағы нұсқасы ежелгі Отырар орнында жүргізілген қазба жұмыстары кезінде табылды. Белгілі музыкатанушы Болат Сарыбаев бұл аспапты қалпына келтіру үшін көп еңбек еткен. Осы жұмыстардың нәтижесінде ежелгі шертердің негізгі түр-сипаты дүниеге келді.

Кейінгі жылдары аспапты оркестрде қолдану үшін бірқатар өзгеріс енгізілген. Шертердің мойнында күй ырғағы деңгейін көрсететін тетік пайда болды. Шертерді бүгінде «Отырар сазы», «Жетіген», «Сазген»  сияқты фольклорлық-этнографиялық ұжымдар қолданып жүр.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Тағы да