Үш ірі қалада жастарға қандай шарттармен пәтер берілетіні пысықталып жатыр

Бүгін Сенатта Жастар жылын өткізу аясында тұрған мақсаттарға арналған дөңгелек үстел отырысында ҚР Қоғамдық даму министрі Дархан Кәлетаев жастарға пәтер беру тәртібі пысықталып жатқанын мәлім етті.

Мемлекет басшысы Астана, Алматы және Шымкентте жұмыс істейтін жастарға пәтер салу бастамасын жасады. Бұл тұрғыда осы баспананы алатындардың санаты, параметрлер пысықталып жатыр. Ақпан айының соңына қарай Ұлттық экономика министрлігімен бірлесе нақты нәтижені көрсетеміз, — деді Дархан Кәлетаев.

Оның сөзіне қарағанда, талқылау барысында пәтер алуға үміткерлердің жас аралығы анықталды.

Бірінші параметр бойынша 29 жасқа дейінгі деңгей айқындалды, себебі заңнамаға сәйкес жастар санаты 29 жасқа дейін белгіленген. Екінші параметрге тоқталсақ, жастар міндетті түрде жұмыс істеуі тиіс, — деді Кәлетаев.

Оның айтуынша, баспананың тиісті ауданы бойынша есептеулер жүргізілді.

Құрылыс салу үшін типтік үйлерде баспананың шаршы метрі 40-50 шамасында жоспарланып отыр. Қазіргі кезде осындай ауданы бар үйлер жоқ, сондықтан бірінші жылы нарықтан сатып алу шешімі жасалды. Осы қалалардың әкімдіктері пәтерлерді нарықтан алады, — деді министр.

Еске салайық, Жастар жылының ашылуына арналған салтанатты жиында Президент Нұрсұлтан Назарбаев Астана мен Алматыда және Шымкентте жастар үшін жылына 1 мың пәтер салынатынын мәлімдеді.

ДереккөзInform.kz