Апта соңына қарай күн жылиды

Синоптиктер еліміздің көп өңіріндегі қатты аяздың қашан бәсеңдейтінін хабарлады.

Жылы қыс ауа райы қаңтар ит қар
Фото: Аllwallpaper.in

Алдағы тәуліктерде қатты аяздың беті қайтады.

“Қазгидромет” мамандарының хабарлауынша, 7-9 ақпан күндері Қазақстанның батыс облыстарына жылжып келе жатқан атмосфералық фронттар республиканың басым бөлігінде қатты аязға себеп болған арктикалық ауа массалары бар антициклонды ығыстыра бастайды.

Алдағы екі тәулікте республиканың көп облысында нормадан тыс суық ауа райы сақталады. Бірақ атмосфералық фронттардың шығысқа қарай ауысуымен республикамызда қайтадан қар жауып, бұрқасын, күшті батыс желі соғады және температура жоғарылайды, – деп хабарлады “Қазгидромет” синоптиктері.

Еске салайық, бұған дейін 6-7 ақпан күндері еліміздің көп өңірінде қатты аяз болатыны ескертілген еді. Мамандардың айтуынша, соның әсерінен осы қыс соңғы 7 жылдағы ең суық қыс атанып отыр. Астанадағы қатты аяз салдарынан бір тәулік ішінде 14 адамды үсік шалды.