Басты бетЖаңалықтарНұрсұлтан Назарбаев...

Нұрсұлтан Назарбаев өрттен қаза тапқан бес баланың отбасына көңіл айтты

Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Астанадағы өрт салдарынан қаза болған балалардың ата-анасы мен туысқандарына көңіл айтты. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.

Кеше Астанада ауыр қайғылы оқиға болды. Өрт салдарынан бір отбасы бес бірдей перзентінен айырылып қалды. Қаза болған балалардың ата-анасы мен туысқандарына көңіл айтамын. Осыған байланысты мен Үкіметке және Астана әкімі Бақыт Сұлтановқа зардап шеккендерге қажет көмек көрсетуді тапсырдым, — деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Президенттің айтуынша, барлық өңірдің әкімдері құзырлы органдармен бірлесіп, өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін бақылауды күшейтуі керек, сонымен бірге тиісті тексерістер ұйымдастырып, халық арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізуі қажет.

Мұндай жағдай қайталанбас үшін барлық тиісті шараны қабылдаған жөн, — деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Жантүршігерлік өрт салдарынан қаза тапқан бес баланың сүйегі бүгін жер қойнына тапсырылды.

Еске салайық, 4 ақпанға қараған түні Астананың Сарыарқа ауданындағы «Көктал-1» тұрғын үй алабында жеке үй өртенген еді. Өрт салдарынан 2006, 2009, 2014, 2016 және 2018 жылдары туған бес қыз бала қайтыс болды. Балалардың ата-анасы бұл кезде жұмыста болған. Астана әкімі Бақыт Сұлтанов қайғылы оқиғаға байланысты шұғыл жиын өткізіп, өрттің мән-жайын анықтауды тапсырды.

Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаев ірі төтенше оқиға қайталанбауы үшін Ішкі істер министріне және облыс әкімдеріне тапсырма берді.