ҚР Премьер-министрі Бақытжан Сағынтаев Үкімет отырысында Астанада өрттен қаза тапқан балалардың жақындарына көңіл айтты. Ол Астана әкімінен қайғылы оқиғаға байланысты қандай көмек көрсетіліп жатқанын сұрады.
Бүгінде Астана әкімдігі тарапынан барлық қажет көмек көрсетіліп жатыр. Жерлеу рәсімі, ас беру жөнінен. Арнайы комиссия құрылып, ата-анасымен жұмыс жүргізіліп жатыр, бұл отбасыға кейін қандай көмек көрсетілуі тиіс екені анықталып жатыр. Мұндай оқиғаны болдырмау мақсатында жүйелі жұмыс қолға алынды. Күннің суыта түсуіне байланысты мұндай жағдайларды болдырмау үшін аудан әкімдіктері мен төтенше жағдайлар департаменті рейд жүргізіп, жеке сектордағы үй қожайындарына мұндай жағдайларды болдырмауды түсіндіріп жатыр, — деді Бақыт Сұлтанов.
Қайғылы оқиғаға байланысты ҚР Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов та түсінік берді.
Жасқа толмаған сәбиден бастап 11 жасқа дейінгі шамадағы бес бала қаза тапты. Өрттің алғашқы алдын ала себебі — өрт қауіпсіздігі талабының бұзылуы және балалардың қараусыз қалуы. Өртке қарсы қызмет 7 минут ішінде жеткен, жедел жәрдем де уақытында келген, бірақ көмек көрсету мүмкін болмады. Жылу маусымы 15 қазанда басталды. Тұтас алғанда, мұндай жағдайлардың, олардан қайтыс болғандар санының азайғаны байқалады. Жыл сайын біз алдын алу жұмысын жүргіземіз. 1,7 миллионнан астам тұрғын үйді араладық, 4 миллионнан астамды қамтыдық, бұл бағытта жұмыс жалғасады, — деді министр.
Бақытжан Сағынтаев Ішкі істер министріне жылуөндіруші ұйымдардың бәрін жеке бақылауға алуды тапсырды. Жылумен және жарықпен қамтамасыз ету желілерінің ақаусыз жұмыс істеуін әкімдерге де ескертті. Ол жеке тұрғын үйлердің өрт қауіпсіздігін тексеруді реттеуді, тексеру кезінде салғырттыққа, көзбояушылыққа жол бермеуді тапсырды.
Еске салайық, 4 ақпанға қараған түні Астананың Сарыарқа ауданындағы «Көктал-1» тұрғын үй алабында жеке үй өртенді. Өрт салдарынан 2006, 2009, 2014, 2016 және 2018 жылдары туған бес қыз бала қайтыс болды. Бақыт Сұлтанов қайғылы оқиғаға байланысты шұғыл жиын өткізді. Ол төтенше жағдайлар департаментінің өртке қарсы жұмысын сынады.