Нұрсұлтан Назарбаев ҚР Конституциялық Кеңесінен Конституцияның Президент өкілеттігін тоқтату туралы тармағына қатысты ресми түсіндірме беруді сұрады. Конституциялық Кеңес өтінішті қабылдады.
2019 жылғы 4 ақпанда Республиканың Конституциялық Кеңесі Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың Қазақстан Республикасы Конституциясының 42-бабының 3-тармағына ресми түсіндірме беру туралы өтінішін конституциялық іс жүргізуге қабылдады. «Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесі туралы» Конституциялық заңға сәйкес, аталған өтінішті Конституциялық Кеңестің отырысында қарау үшін қажетті материалдарды дайындау жұмысы жүргізіліп жатыр, — деп хабарлады ҚР Конституциялық Кеңесінің баспасөз қызметі.
Қазақстан Республикасы Конституциясының 42-бабының 3-тармағының мазмұны мынадай:
Республика Президентінің өкілеттігі жаңадан сайланған Республика Президенті қызметіне кіріскен кезден бастап, сонымен бірге Президент қызметінен мерзімінен бұрын босатылған немесе кетірілген не ол қайтыс болған жағдайда тоқтатылады. Республиканың бұрынғы Президенттерінің бәрінің, қызметінен кетірілгендерден басқасының, Қазақстан Республикасының экс-Президенті деген атағы болады.