Қылыш — қарудың бір түрі. Ат үстінде ұрыс жүргізу үшін жеңіл әрі кесіп түсер қару ретінде қолданылған. Көшпелі халықтарда VII-VIII ғасырдан бастап ұзын семсерлердің бәрі бір жүзді, қайқы етіп жасалып, қылыш деп аталған.
Батыс Еуропаға қылыш Х ғасырда түркілер арқылы барған. Кейін бұл қару жетілдіріліп, ХХ ғасырға дейін атты әскердің бас қаруы болды.
Қазақта батырдың қылышын басқа жауынгер ешқашан ұстамаған. Батырдың қылышын оның ұрпақтары мұра етіп сақтаған. Аса бір ұлық жағдайлар болмаса, қылышты көтермеген. Осылай, ата-бабаларымыз қылышқа жауынгердің құралы деп қана қарамай, оған символикалық мән берген. Ханның, батырдың ерлігі, халықтың бірлігі қылышпен байланысты деп сенген.
Қазақ қылышты бес қарудың біріне жатқызады. Оның алдаспан, наркескен, зұлпықар, қайқы деген түрі кеңінен қолданылған.
Зұлпықар — халық арасында танымал болып кеткен қылыштың түрі. Мұхаммед пайғамбар (с.ғ.с) мен Хазірет Әлидің ұстаған қылышын мұсылман қауымы «зұлпықар» деп атаған. Бұл қылыш мифологизациядан өтіп, исламның киелі символының біріне айналды. Тарихи деректер бойынша, қылыштың бұл түрі Мұхаммед (с.ғ.с) пайғамбардың қолына 624 жылы соғыстан әскери олжа болып түскен. Зұлпықар қылышын қазақ хандары мен қолбасылары VІІ-XIX ғасырлар аралығында кеңінен қолданды.
Алдаспан — аса ауыр және үлкен қылыш. Оның ұзындығы 90-95 сантиметр болады. Алдаспанды бір қолмен ұстау мүмкін емес. Қылыштың бұл түрінің жалманының өзі аса жалпақ болып келеді. Кейбір қылыштың басы жалпайыңқырап келіп, сырт жағы шығыңқы болады, оны «жалман» дейді. Алдаспанның қыны болмайды.
Сапы қылыш — қылыштың қарапайым түрі. Ол темірден соғылады, жүзі қайқая шыңдалады. ХІХ ғасырға дейін сапы қылыш әскери адамдардың белінен түспеген. Мұндай қылышты кейде қазақтар «жетелі пышақ» деп те атаған.
Наркескен қылыш болаттан, темірден соғылған. Ол көбіне сенім мен уәденің куәсі ретінде пайдаланылады. Сондықтан оның жасалуы аса құпия болды. Ерте кезде наркескенді патшалар ғана ұстаған.