«Қазақтың жауынгерлік кодексін» жазған кім? Сіз жалпы, сондай кітап барын білесіз бе? Қазіргі «патритотизм» ұғымынан бастап, әскери атақтарға дейін қазаққа жат болмақ түгілі, қазақтың төл сөздері екенін дәлелдеген ғаылмды білесіз бе? Ғалым оған қоса, ұлттық жауынгерлік принциптерді, тіпті қазіргі погон, ерекшелік белгісі делініп жүрген әскери атрибутикаға дейін зерттеген. Қорғаныс Министрлігінің ұлттық-патриоттық тәрбие мамандарына, жалпы оқырманға қызық болар деп, ғалым Ниетжан Берікұлының осы мақаласын ұсынып отырмыз.

Қысқа ғана өмір сүргенімен, артына мол мұра қалдырған, ғалым Серікбол Әділбекұлы Қондыбай – отансүйгіш тұлға. «Арғы қазақ мифологиясы» және оған дейінгі «Маңғыстаунамасынан» бастау алатын қазақтану, түркітану, ұлттану ғылымындағы тың қадамы, іргелі зерттеулері оның нағыз отаншыл екендігін дәлелдей түседі. Ол «Отан – деген ұлы ұғымның түп тегін іздестіреді. Академик – жазушы Сәбит Мұқанов «Халық мұрасы» кітабында: «Отан» – сөзі арабтың «ватан», яғни «өлке» деген сөзінен шыққан» – деп жазған-ды. Ал, Серікбол оны қолдамай, бұл сөздің кәдімгі қазақтың «отағасы», «отанасы» немесе «отбасы» сияқты қарапайым сөзінен шыққанын дәлелдеп береді. Бабаларымыздың отты кие тұтып, оған табынғанын, алыс сапардан отбасына, отанасына жеткенше асығатындарын, осыдан барып «Отан» деген киелі сөздің қазақ тілінде қалыптасып, етене кірігіп, қазақ болмысына еркін енгенін дәлелдейді. «Отан – отбасынан басталады» дейтін қазақ даналығы Серікболдың тұжырымын бекіте түседі. Серікбол бауырымның «Алтын орда» газетіне жарияланған ғажайып мақалаларын қиып алып сақтап жүретін едім. Сол қасиетті туындыларынан ерекше тылсым дүниелерді оқып, тебірене тесілетінмін. 2006 жылы Ақтау қаласында өткен «Серікбол Қондыбай» тағылымдарына арналған II республикалық конференцияға барған сәтте «Арғы қазақ мифологиясы», «Қазақ даласы және герман тәңірлері» тағы басқа кітаптарын алдым. Танымдық хикаяларын үш айда оқып шықтым. Көбіне менің өрем жетпеді. Екінің бірінің жүрегі дауалай бермейтін қазақ ғылымындағы таңсық тақырып екен. Ұлттану ғылымында орны бөлек, оны байыта түсетін құтты мұра, құтты қазына, соны жаңалық деп түсіндім.

Серікбол Қондыбай ұлттық патриотизмнің мәселесінде ірі ойшыл екеніне көзім жетті. Патриотизм – гректің patriots, қазақша – отандас, patris – отан, ote – адал деген ұғымдарды білдіреді. Серікболдың әкесі Әділбек Иран, Түркіменстанда Отаннан жырақ жүріп, туған жердің қадірін қасиетін жетік біліп, өзінің кенже ұлының бойына патриоттық сезімді ерекше қалыптастырып, елге, жерге, туған топыраққа тебірене білуді ерекше өсиет еткен.

Серікбол Қондыбай – өзінің өмірден өтетінін және ондай қайтпас сапарға қашан аттанатынын болжаған, көріпкел, Алланың сүйген құлы, Мұхаммедтің адал үмбеті. Қазақ халқының ұрпағының жауынгерлік рухының биік болуын армандағанынан туындаған, артындағыларға қалдырған үлкен мұраларының бірі – «Жауынгерлік рух кітабы». Оның негізгі идеясы – тәуелсіз елінің өз армиясын қалыптастырған, өзінің отанын қорғауды қамтамасыз ететін жауынгерлері бар Қазақстан Республикасының рухани патриоттық ахуалын дамыту. Серікбол «Мен о дүниелікпін, менен соң топан су қаптаса да мейлі» – деп отырған жоқ.

Оның кітапты жазуындағы негізгі себебі – өзі айтқандай: «Бүгінде қазақтың өз мемлекеттігі, өз армиясы бар, бір сөзбен айтқанда, қазақ өзінің дегеніне жетіп отырған сияқты. Бірақ қазіргі әскеріміздің жай күйіне қарап отырып «қарның ашады». Бұл тек әскердің ішіндегі психологиялық ахуалға, қарулы күштердің материалдық – техникалық жарақтануы мен экономикалық қаржылық жағдайына ғана қатысты айтылып тұрған сөз емес. Біз осылармен қатар, қатардағы жауынгерлерден бастап жоғарғы әскерлік құрамының мүшелерінің рухани – патриоттық ахуалының тым төмендігін де айтып отырмыз. Ең ақыры дегенде, жауынгердің киетін киімінің сүреңсіздігі мен талғамсыздығы да, әскери терминология мен символика, ғұрып – рәсімдік комплексінің де жұпынылығы, ұлттық дәстүрлерден нәр алмай жатуы көзге ұрып тұрады».

Міне, Серікболдың ойын оятқан, оның жан дүниесін қинаған проблемалық мәселелер осындай болатын. Аталған мәселелерде «Бар болғаны — дейді ол, — Кеңес дәуіріне және орыс дәстүріне еліктеу ғана. Еліктегенде де, өте сәтсіз, талғамсыз, ойсыз еліктеу ғана» (6-7 беттер). Оның үстіне тағы бір еске салғаны: «Қорғаныс министрлігі мен Бас штаб басшылығының орыс тілді, әскери – техникалық білімі біршама болғанымен, қазаққа, көшпелілерге қатысты тарихи білімі жоқ болғандықтан, рухани, патриоттық деңгейі өте төмен күйде болып отыр»-деп, басшылықтағылардың тарихи білімнің жоқтығына қынжылады. Содан әрі: «Ал, нашар қаруланса да, рухы жоғары әскердің өзінен жақсы жарақтанған, саны көп қарсыласты жеңе алатындығын тарихтан жақсы білеміз. Сондықтан, қарынның тоқтығы мен көйлектің көктігін ойлаумен қатар әскери рухты көтеру жағын да ойластырған жөн сияқты» – деген проблема қояды.

Өйткені, кейбір ақиқаттарды негізге алуды да ескерте кетеді: “Біріншіден, бүгін өмір сүріп, ертең ғайып болайын деп отырғанымыз жоқ… Екіншіден, бүгінгі ессіздікке қарамастан, ертең бір реті келер деген сенім” – дейді ғалым.

«Жауынгерлік рух кітабында» бұрын-соңды қазіргі біздің замандастарымыздың да біліп жарытпайтын беймәлім тағылымдарды паш етеді. Кітап негізінен 4 бөлімнен: «Жауынгерлік рух кітабы», «Бес қаруға қатысты жауынгерлік атаулар», «Қазақтың жауынгерлік кодексі», «Ту мағиясы» – деп аталады. Атауларының өзі көп нәрсені аңдатқандай, мұнда түрлі терминологиялық атаулар, Шыңғысхан заманының кейбір әскери атақтары, Махмут Қашғари терген әскери терминология, әскери бас киім атаулары, Түрік – Қыпшақ ұғымдары, музыкалық әскери аспаптар, кейбір әскери – әкім қызметкерлер атаулары талданады.

«Қазақтың жауынгерлік кодексі болған ба?» деген сұраққа жауап іздейді. Қазақтың жауынгерлік ар – ождан кодексінің болғанын батырлық эпос деректеріне сүйене отырып, «Қырымның қырық батыры» жырлары циклінің материалдарымен толықтырады. Сыпайышылық, мұрагерлік, асыл тек, шынжырлы тұқым, рыцарьлық жорық – Кодекс, Идеал, Мұрат, Ант, Серт пен Уәде, жауынгерлік ақыл, білім, дос таңдау, тарихи тамды құлатпау. Отауға деген адалдық, кек алу, тектілік, өлім, ер оның есімі, соғыс өнері, ел жұртың – тірегің тәрізді құндылықтарды ерекше сөз етеді. Соңғы бөлімде ту қандау, сүлде, ту байлау, тудың жығылуы, ғұрып -дәстүрлері, тудың түрлері, ұран шақыру, елтаңба, олардың түп негіздері тереңнен алынған деректермен сипатталады. Әмбебап зерттеуші қай нәрсе туралы да жан – жақты ашуға барын салған. Зерттелінген тақырыптың тарихи жағынан да, өткенді білудің қажеттігі жағынан да, көпшілігі бүгінгі және ертеңгі болашаққа қажеттілігі жағынан да, жастарға рухани патриоттық тәрбие беруге және еліміздің рухын көтеруге қажеттілігі жағынан да құнды екендігіне шек келтірмейміз. «Ойы жүйелі, нық, ғылыми негізі берік. Қалыптасқан, нағыз шын ғалымның талдауы. Әрине, автор ұсынысы орынды. Шынында, әскери терминологияда түбірлі бетбұрыс–революция жасалуы керек» – деген пікірді Ж.Дүйсенбаева да айтқан.

Ғалым Серікбол Қондыбайдың көтерген өзекті мәселелері туралы мыналарды айтуға болады.

Әскерилер киімі. «Кеңестік дәуірден қалған үлкен фуражка семіз офицер мен солдат түгілі, арықтың да сәнін келтірмейді. Бір таң қаларлығы – дәл сондай киімді полиция да, кеден, прокуратура, т.б. әскерилендірілген құрылымдар сақтағандығы… Тәуелсіздік алғалы бері өткен он жылдан астам уақыт ішінде баяғы кеңестік әскердің киім кию үлгісінен арылып, өз тәжірибесі болмағанның өзінде де, Ресейден басқа, жер бетіндегі 200 елдің ішінен үйренуге болар еді ғой. Не деген бір жақтылық десеңші…

Ойдың жұтаңдығын әскери киімнен ғана емес, әскери айырым белгілерінен де (погон, петлица, т.б), әскери символика мен эмблематикадан да (тулар, штандарттар т.б) аңғаруға болады. Бар болғаны – Кеңес дәстүріне еліктеу ғана. Еліктегенде де өте сәтсіз, талғамсыз, ойсыз еліктеу ғана» – деген ішкі күйініш сезімін білдіреді.

Тағы бір кемшілік – әскери терминологияда жатыр. Тәуелсіз халықтың қарулы күштерінде (жалпы күштік құрылымдарда) баяғы кеңестік – орыстық әскери терминдер мызғымастан қалып отыр дей келеді де, атауларды қазақтық –түріктік тарихи атауларға ауыстыруға толық мүмкіндіктер бар екенін және бұл – әскери рухты көтеруге себеп боларлық көп әрекеттердің бірі болып табылатындығын кесіп айтады.

Серікбол Қондыбай қазақтың жадында сақталған ежелгі әскери терминдер мен Шыңғыс хан заманынан бастап қолданылған өте сирек ұшырасатын әскери сөздерге түбірлі барлау жасайды және оларды кезең – кезеңге бөліп көрсетеді. Сондай сөздердің түп – төркінін (этимологиясын) ашады, оларды басқа халықтар сөздерімен салыстырады, реконструкциялайды, аталым жасаудағы тарихи дәстүрлерге сүйенеді. Сөйтіп, кітабында бір мың бес жүздей сөзді еркін, түбірлі талдап көрсетеді, солардың бірқатарын тәуелсіз Қазақстан Республикасының әскери сөздігіне ендіруді ұсынады. «… қазақтың әскери дәстүрін, терминологиясы мен символикасын неліктен жаңа заманның әскеріне пайдаланбасқа? … Өйткені «Қазақтың әскери мәдениеті» деген анықтамаға қазаққа кейінгі қазақтың жеріне, қазақтың этногенезіне қатысы бар барлық тарихи тайпалар мен мемлекеттердің, бес ғасырлық, 2500 жылдық тарихта өмір сүрген көшпелі қоғамдардың әскери өнерінің сарқыншақтары, өңі, мағынасы өзгеріп кеткен қалдықтары қазақ тілінде, ауыз әдебиетінде, әдет – ғұрпы мен салт – дәстүрлерінде сақталып отыр… бүгінгі дәстүрге пайдаланушыға ұрпақтықтық хақымыз, рухани еркіміз бар» – деп жазады (20 бет). Қазақ жерінде өмір сүргендер түркі, монғол, араб, парсы тілдерінің негізінде қалыптасқан әскери терминдерді қалдырды. Олардың барлығы да – қазақ тілі. Олардың ретіне, ыңғайына қарай, бүгінгі қазақ терминологиясына еңгізуге болады. Кітапта садақ пен оның жебесіне, қорамсағына қатысты 37-42 сөз, Шыңғыс хан заманының әскери атақтары – 26 сөз, Махмут Қашғари әскери терминологиясының – 26 сөзі, әскери бас киім атаулары – 8, сауыт, жеке қорғаныс киімдері – 16 сөз, билік, әскери — әкімшілік басқару атаулары – 41 сөз, әскери музыкалық аспаптар – 16, бес қаруға байланысты жауынгерлік атаулар – 75 сөз жеке – жеке аталып көрсетіледі.

«Қазақтың жауынгерлік кодексінде» рыцарьлық, «Сыпайшылық», «Салтық – рыцарьлық», «Шынжырлы тұқым», «Инақ», «Инаншы», «Тегін», «Тархан», «Апа», «Шад», «Апа –Тархан», «Баға», «Бұйрық», «Өге бұйрық», «Ағышы», «Ордубашы», «Жұғрышы», «Шабушы», «арқышы», «Құлабұз», «Түксін», «Таяңын», «Иалафар», «Иалабашы», «Жабғы», «Ыдықұт», «Елтебер», «Елбілге», «Елтеріш», «Тамғашы», «Бұлғай – аға», «Тутук», «Ракабдар», «Мөһердер», «Дастур», «Мосул», «Мұлазым», «Мұқтасиб», «Уәзір», «Хан», «Сардар», «Сарбаз» тағы сол сияқты мемлекеттік және әскери атақтар мен мансаптарды білдіретін сөздердің мағыналары түсіндіріледі, түп нұсқасын талдайды және осылардан бүгінгі күннің талабына сай мағынасын, айтылуы мен жазылуын түзеп пайдалану керектігін ұсынады. Өзі бүгінгі атауларға балама жолдарын көрсетеді:

Тамғашы – мемлекеттік хатшы, Елтеріс – Премьер – министр, Жарған (Жорғын) – Жоғарғы сот және оның басшысы, Инаншы – министр, Ішрекі – инаншы – ішкі істер министрі, Жасауыл – инаншы Юстиция министрі, Сыртырақ – инаншы – Сыртқы істер министрі, Ердем – инаншы – Мәдениет министрі, Ордубашы – Президент әкімшілігінің басшысы, осындай үлгіде білім, ғылым, қорғаныс, т.б. министрліктердің атауларын алмастыруға болады (183 бет).

Ғалым осы үрдісті басшылыққа алу үшін қазіргі қолданыстағы сөздердің энциклопедиялық сөздіккке қарап о баста қалай аталғанынан дерек келтіреді.

«Маршал» – жалпы, басты, Майор – үлкен, жасы үлкен, Лейтенант – орынбасар, Сержант – малай, Капитан – капут сөзінен, әскер басы немістер полковникті – оберст деп атайтындығын яғни әр ел, әр халық іс жүзінде өз тіліндегі атауларды пайдаланғанын атап көрсетеді. Атауларды пайдалануда балама сөз жасап ел үшін қазақ тілінің үндестік заңын ескеру, басқа тілдерден калька – аударма, көне сөздерді жаңа мағына беріп, айналысқа түсіру, шетел сөздерін қалдыру не еңгізу жолдарын ұсынады. «Орыс тілдерінің өз терминдерін толықтан пайдаланудан шығарған жөн», – дейді автор. – «Бұл аса маңызды психологиялық әрекет болып табылады» (28 бет). Орыс тіліне ауысқан түркі тілдерінің сөздерін жаңа мағынада, қазақы айтылу түріне келтіріп пайдалану қажеттігін пайымдайды: «Хорунжий» – ұрыңғы, «Полк» – бұлық болып тілімізге қайтып оралуы тиіс. Орыстың «пехота», «сухопутные войска» т.б. сөздеріне баламаға – «жорғын», десант – аламан, авиация – ұшар, военно – морские или военно – речные силы – Жүзгін, артиллерия – Атарман, автомат – атар, ал миномет, пулеметтің американдық баламасын алу керек дейді ол.

Ғалымның негізгі көтерген өзекті мәселесі – жауынгерлік рух. Бұл проблеманың туындау себептерін ашып береді және былай түсіндіреді: «Қазіргі қазақ әскерінің офицерлері қазақ тілі мен тарихын, патриоттық дәстүрлерін шала білетін болып шықты, ұлттық дәстүрлердің тек беткі тұрпайыланған қабатынан ғана хабары бар, әлеуметтік жағдайының төмендігінен әр түрлі қылмысқа баратын, ең бастысы – рухани моральдық, патриоттық ұстанымы жоқ, сатылғыш, өз қасындағы әскери серігін де, әскери мүлікке де жаны ашымайтын пенде» – деп сипаттайды. Сондықтан, Автор «Қазақ жауынгерінің кодексінің» тағылымдық, моральдық ұстанымдарының қазіргі заманға бейімдеп ұсынатын жақтарын көрсетіп береді. Әскери кәсіп – атадан балаға мұра болып қалатын іс, мамандық. Батырдың ұрпағы да әскери кәсіппен айналысуы міндетті. Қазақ батырларының қоғамдық функциясына Отанды жаудан қорғау, елді басқыншылардан азат ету, халықтың жерін, қонысын кеңейту, жау қолында, тұтқында жүргендерді азат ету, жау қолында өлгендердің ата кегін қайыру жатады.

Қазақ жауынгерінің адами қасиеттері мен міндеттеріне жататындар: Біріншіден – жүректілік, ерлік, екіншіден – Вассалдық адалдық (Тоныкөк ескерткішінде: Қапаған қаған үшін түн ұйықтамадым. Күндіз отырмадым); үшінші – өз дініне, дін иелеріне деген адалдық; төртінші – әлсізге қорған болу; бесінші – жәрдем беру, жомарттық жасау, алтыншы – Сұлуға табыну («бикеш культі» деп аталған).

Батырлардың қалыптасқан әскери этикасы болған және оны батырлар қатаң ұстанған. Ғалымның атап отырған этикалық нормалары қазіргі қазақ ұрпақтарына ерекше қажет тағылымдар.

  • Жекпе – жек, ұйықтағанды өлтірмеу. Жекпе – жекте жеңіске жету батырлардың даңқын шығаратын. Батырлардың өзара күш сынасуы; өз өмірін құрбандыққа тігу арқылы басқалардың өмірін сақтап қалу; негізгі мақсат – қарсыластың батырларын құрту сияқты функцияларын атқарады. Айқас алдында бір – бірінің аты – жөнін сұрау, жекпе – жек өткізу регламентін белгілеу қажет болады.
  • Алдын – ала хабар беру, келісу, айқасқа дайындалуға мұрсат беріп, кездесетін уақытын, жерін белгілеу, Қабанбай – батыр жеке айқасқа ең көп шыққан батыр.
  • Қару – жарағы мен сауыт – сайманын, атын сұрау.
  • Кезек беру және үш рет ату.
  • Сауға. Жеңгеннен кейін өмірін, жаудан түскенді сауға беру.
  • Кек алу – батырдың еркектің ісі. «Қанға – қан, жанға – жан».
  • Ант – ер адамның белгілі істі қайтсе де орындауға беретін уәдесі, серті. Ант су ішу дәстүр болған.

Ғалым осы дәстүрлердің әрқайсысына түсінік береді және батырлардың сипаттамасын талдайды. Олар:

  • 1. Соғыс өнерін кәсіпке айналдырған;
  • 2. Бүкіл өмірін соғыста өткізетін;
  • 3. Кәсібі бүкіл әулетіне жалғасып отыратын;
  • 4. Елдік билікті қолдарына ұстаған;
  • 5. Үлкен меншік иелері болған;
  • 6. Хандық билік пен тығыз байланысты;
  • 7. Өздерінің идеологиясы, моральдық этикасы, намыс кодексі, әскери дәстүр, салты, діни ырым – жоралары бар қазақ қоғамының ерекше жігі.

Қазақтың қазіргі жауынгерлерін мектеп қабырғасында-ақ тәрбиелеу үшін Аңшыбайдың өсиеттерін қолдануға болар еді: Біріншіден – Жауынгер болам дегенге оң бата беру; Екіншіден – Жауынгерлік – тек қана көзсіз батырлық емес, ең алдымен, ақыл, білім; Үшіншіден – Ата – баба культі. Тар жол – тайғақ кешуде аруаққа сыйыну; Төртіншіден – Батырдың үш қыры: жақсы ат, жақсы сауыт, сұлу жар; Бесінші – Жауынгердің мейірімділігі, кеңдігі; Алтыншы – Тарихи тамды құлатпау; Жетінші – Дос таңдау; Сегізінші – Отауға деген адалдық; Тоғызыншы – Тектілік; Оныншы — Өлім. Соғыста өлген өкінбес; Он бірінші – Ел – жұртың тірегің. «Аңшыбай» есімі – Ноғайлы заманында көне есімнің қыпшақыланған нұсқасы. «Этимологиялық деңгейде Аңшыбай есімі Иафес (Иафет) – Абулджа есімдері бір текті болып тұр»- дейді ғалым яғни Нұх пайғампардың баласы Иафес (Иафет), немересі Абулджа және Аңшыбай – бір текті мифтік бейненің әр түрлі ортада өзгерген нұсқасы екендігін дәлелдеп береді.

Ғалым ойынша, бүгінгі ұсынып отырған нәрселері – ерсі болып көрінгенмен, бүгінгі жауынгерлердің құлағын үйретіп, болашақтың дағдылы дәстүріне айналатын дүниелер. «Бүгінгі әскерге ұнамаса ұнамай-ақ қойсын, оның есесіне болашақ әскери адам бұл мәселеде ойланып жатпай, солай болуы тиіс деп есептейтін болады» – деп қорытады автор.

С.Қондыбай ту мен елтаңба туралы мәселені де көтерген болатын. Ол тудың арғы қазақтардан бері келе жатқан әскери магияның аса маңызды нысандарының бірі, тірі жанды сипатқа ие мифологиялық кейіпкер екенін Қабанбайдың ақ туы арқылы дәлелдейді яғни қазақта болған тулардың барлығы да «тірі жан» деп есептейді. Туға байланысты «ту қандау» ғұрпы болған. Туды қанға суару – біріншіден, оның кейіпкерлігін білдірсе, екінші жағынан, рухқа берілетін садақа – құрбандықтың жолын танытады. Қазақта туды сүймейді, маңдайын тигізеді. Ту ағашы – ғаламдық бәйтеректің варианты. Тудың құлауының мағынасы – қоғамның ойран болуы.

  • Ту – адамдар дүниесін басқа дүниемен жалғастыратын көпір, медиатор.
  • Ту тігу дәстүрі – қоғамды, өркениетті орнату, құрылымын белгілеу түсінігі.
  • Ту ұстаушы – таңдаулы жауынгер болған.
  • Тулардың тарихи құжаттарда, ауыз әдебиеттерінде сақталған атаулары: Түмен ту, Тоғыз ту, Айдаһар жалау, Алаштың ала туы, Үш ту (қызыл, ақ және қара), Төрт ту (сұр, қара,көк, қызыл), Қызыл ту, Абылайдың ақ туы.

Осыларды атай келе, ғалым: «Қазақ елінің көк туы өзінің тарихи миссиясын толық орындаған сияқты… Қазаққа өзінің мифологиялық тарихынан басталатын алаштың ала немесе ала – шұбар туын, сондай – нақ осы алаштыққа сай келер елтаңбаны бүкіл халық болып қабылдаған жөн сияқты. Қазақ бүгінде екі емес, үш мәдени кеңестіктің ортасында (қытай – шығыс, орыс – европа, ислам – оңтүстік) қалып отыр… бүгінгі Қазақ мемлекеті екі (үш) басты Жошылық самұрықты өзінің мемлекеттік елтаңбасы ретінде алуына толықтай мүмкіндік ала алады» – деп санайды (236 — бет).

Ғалым С.Қондыбай – өзінің Отанға деген туған еліне, өз ұлтына деген сүйіспеншілігін, бойындағы күш-қуаты мен білімін отан игілігі мен мүддесіне жұмсаған тұлға.

«Жауынгерлік рух кітабы» – оның отансүйгіштігінің ақ жолын айқындап берген шежірелік құрал. Туған жерін, ана – тілін, елдің әдет – ғұрпы мен дәстүрін құрмет тұтудың болашақ ұрпаққа үлгісін, өнегесін тағылымын ашып берді.

Қорыта келе айтарымыз, Филология ғылымдарының кандидаты, доцент, Махамбет атындағы сыйлықтың иегері Жанбибі Дүйсенбаева: «Жауынгерлік рух кітабының» алғы сөзінде Серікбол Қондыбайдың осы туындысы жайлы: «Біздің бүгінгі мемлекетіміздің жауынгерлерінің бірінші кезекте оқитын кітабы осы болса құба – құп болар еді… Тіпті жоғары сыныптарда сабақ ретінде өтілетін «Бастауыш әскери дайындық» пәніне қосымша оқулық ретінде ұсынуға болады» – деген. Өте құнды пікір. Дер кезінде айтылған ойсалу. Оны ҚР Білім және ғылым министрлігі мен ҚР Қорғаныс министрлігі құп алса, жас ұрпақтардың, жас жауынгерлердің Отан сүюге деген құштарлығы арта түскен болар еді.