Қазақстанда алғаш рет жасөспірімнің жақ сүйегіне титандық имплант енгізілді

Шетелде мұндай операцияның құны 50 мың доллардан асады.

Күрделі операция
Фото: Астана әкімінің баспасөз қызметі

17 жастағы студент жол апаты салдарынан 12 жыл бойы аузын толық аша алмай, қиындық көрген. Операция сәтті өтті. Енді дәрігерлер бұл әдісті кеңінен меңгеріп, елдің барлық өңірінде енгізуге ниетті. Өйткені Қазақстанда 40-қа жуық бала осындай емге мұқтаж екен. Шетелде мұндай операцияның құны 50 мың доллардан асады.

Отандық дәрігерлер студентке бұған дейін үш рет операция жасады. Бірақ нәтиже болмады. Диас кейін “Ана мен бала” орталығының көмегіне жүгінген. Жасөспірім қазір өзін жақсы сезінеді. Аузын толық ашып, өздігінен тамақтанады, емін-еркін сөйлейді. Тіпті, сегіз келі салмақ қосқан. Диастың оң жақ сүйегіне қазір протез салынды. Бірақ оны жасау оңайға соқпаған. Мамандар жасөспірімнің суретін арнайы компьютерлік бағдарламаға салып, 3D кескінін жасаған. Сосын протезді шетелден арнайы тапсырыспен алдыртқан.

Ал бұрын-соңды болмаған емді әзірше орталық хирургы Руслан Ся-Тун-Чин ғана меңгерген. Маман осы операция үшін Ресейде арнайы білімін шыңдаған. Әрине, білікті маман жыл сайын 180-нен аса операция жасап жүрсе де, мұндай күрделі емді алғаш рет қолданған. Бес сағатқа созылған операцияға Русланнан бөлек жеті маман қатысты.

Арнайы протез дайындамай, стандарт түрін қолдануға болады. Бірақ тәжірибе оның тиімділігі аз екенін көрсетіп отыр. Әрине, титаннан жасалған протездің орнына адамның сан еті сүйегін алып, жағына сәйкестендіріп қоюға болады. Бірақ уақыт өте келе сүйек құрылысы 20-30 пайызға сорылып, жақтың ұзындығы мен биіктігіне сәйкес келмеуі мүмкін. Сондықтан балаға өзіне лайықтап жасалған арнайы протез салдық. Бала өссе де, протездің ешқандай кері әсері болмайды, – дейді жақ-бет сүйегі хирургы Руслан Ся-Тун-Чин.

Дәрігерлердің айтуынша, мұндай операцияны жасөспірімдерге 15 жастан асқан кезде ғана жасауға болады. Өйткені оған дейін баланың жақ-бет сүйегі өсіп-жетіледі. Ал елімізде мұндай ем-домға мұқтаж жандар бар. “Ана мен бала” орталығы оларға көмек қолын созуға дайын.

Импланттың, 3D салған бағасы бар. Сонда 2-3 миллион шықты. Өзімізде жасасақ осынша ақша. Қазір проблема жоқ. Дәрігерлер көрді. Өз қолдарына сеніп, әрі қарай оны дамытса, енді үкіметтің көмегі, Дәрілері, шығын заттары болса, оны істейді, – дейді Ана мен бала орталығы директорының орынбасары Шолпан Алтынова.