Алаяқтық, алдау, сенімді теріс пайдалану арқылы бөтеннің мүлкін жымқырғандар Қылмыстық Кодекстің 190-бабы бойынша белгілі мөлшерде айыппұл төлейді немесе екі жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айырылады. 

«Әмияным қайда?»

Әмиян, ақша
Фото: Fb.ru

Көшеден кездейсоқ ақшаға толы әмиян тауып алдыңыз делік. Ішіндегі ақшаны (көбіне жалған ақша) көріп, тезірек кетіп қалуды ойладыңыз ба? Асықпаңыз, осы сәтте қасыңызға әлдебіреу келіп, әмиян тауып алғаныңызды сырттай көргенін айтады. Бірақ ол полицияға барып, жағдайды ушықтырмай-ақ ақшаны теңдей бөлуді ұсынады. Ол ақшаны алып, оқиға орнынан кетеді.

Артынша жалған полиция қызметкері мен бірге әлгі әмиянның иесімін деп тағы екі алаяқ келеді. Олар әмияндағы сома түгел емес екенін байқайды. Сөйтіп ақшаны толық қайтаруды, әйтпесе, заңмен қудалайтынын айтып, бопсалайды. Мұндай арбауға кез келген адам түсіп қалуы мүмкін. Өйткені алаяқтар таза әрі әдемі киінеді. Барынша сенім тудыруға тырысады.

Алаяқтықтың бұл түрі 90-жылдардың соңы мен 2000 жылдардың басында кең тарады. Олардың көбі тез әрекет етіп, ойландыруға уақыт қалдырмай, құйтырқы әрекеттерін оңай іске асырған. Ал зардап шегуші жылдам шешім қабылдап, олардың айтқанын қалай істегенін де сезбей қалады.

«Алик, малик, шарик» немесе үш кесе

Алик малик шарик, алаяқ
Фото: Artcriminalist.com

Бұл ойын туралы өзіңіз де естіп-көрген шығарсыз? Әсіресе, 90-жылдары «алик, малик, шарик» арқылы алаяқтық жасап, қалта тонаудың дәурені жүрген. Оны бірнеше адам сыбайласып жүргізген, сондықтан ойынды ұту мүмкін емес еді.

Сценарий бойынша қарапайым адамның кейпіне енген алаяқтың бірі қай кеседе шариктің жасырғанын айтады да, бәске ақша тігеді. Сосын оның болжамы дөп түсіп, ақшасын екі есе көбейтеді.

Алик малик шарик, алаяқ
Фото: Nashkraj.info

Мұны сырттай бақылап тұрған басқа адам қызығып, оңай олжаға кенелуді ойлайды. Бастапқыда алаяқтар қарапайым адамдардың да ұтуына мүмкіндік береді. Олардың ойынға құмартқанын пайдаланып, үстемені ақырындап көтере береді. Соңында бар ақшасын сыпырып алады.

Көбіне ойынның құрбандары студенттер мен қалаға сырттан келгендер, қаржыдан қысылып, оңай ақша тапқысы келетін адамдар болды.

Жалған лоторея, жарамсыз ұтыс

Лотерея
Фото: Vsenichego.ru

Тағы бір мысал. Көшеде әлдебіреу келіп, сізге ойнатылмаған лоторея билетін ұсынды. Ойыңызда ештеңе жоқ. Ойнауға келісіміңізді бірден бердіңіз. Нәтижесінде күтпеген жерден сыйлық ұтып алдыңыз. Қуанып әрі есіңіз шығып, сенер-сенбесіңізді білмей тұрғанда әлгі адамнан лоторея туралы толық сұрағыңыз келді.

Жүлдені алу үшін конкурсты ұйымдастырушыға аз сомадағы комиссия төлеу керек екен. Оны дәл қазір берсеңіз, сыйлықты да дереу аласыз. Сіз онда тұрған ештеңе жоқ, сыйлық одан да қымбат тұрады деген оймен алаяқтың сұраған ақшасын бересіз. Үйге келіп қорапты ашқанда ұтып алған затыңыздың әлдеқашан бұзылғанын, істемейтінін көресіз.

Қаржы пирамидалары

Қаржы пирамидасының құрылу сызба­сы­ның өзі адамды арбайды. Мұнда әрбір адам пирамида құруға кіріседі. Ең төменгі сатысы — жүйеге жаңадан кірген адам. Ол байи келе, пирамиданың ұшар басына жетіп, бас айналдырарлық табысқа кенеледі-міс. Алданғандардың айтуынша, олар келісімшартқа отырып, әуелде салған ақшасы есебінен пайыздық пайда тауып отырған. Бірақ тек алғашқы салымшылар ғана табысқа кенелген. Басқалары жер сипап қалады. Бұл алаяқтық әлі де бар.

Қаржы пирамидасы
Фото: Russianforum.wordpress.com

Қазақстанда 1994 жылдары «Смағұлов және К» дейтін қаржы пирамидасы құрылып, 35 мың адамды алдап, халықтан 630 миллион теңге жымқырған. Қаржы пирамидасынан зәбір көрген адамдар осы күнге дейін салымшылар мен акционерлердің құқықтарын қорғайтын ұйымдарға өтемақы алу туралы өтінішпен хабарласатын көрінеді.

Бірақ қаржы пирамидалары Қазақстанда 2008-2013 жылдар аралығында да болды. Мысалы, «Алтын ғасыр», «Шах-Тас», «Миллионерлер клубы», «Жаңа дәуір», «Байлар клубы», «ЛайтБизнесМаркетинг», «Отбасы» сияқты қаржы пирамидалары жұмыс істеді.

Пікір қосу

Қалдыратын пікіріңізді осында жазыңыз!
Есіміңізді жазыңыз!