Гауһар Әлімбекова 15 жылдай жақын құрбысы болған Бақыт Назаровадан «Ақкент» тұрғын үй кешенінен үй алып беремін деп 40 мың доллар алған. Бірақ уәдесінде тұрмай ақшасын қайтармаған.
Прокурор Дәурен Дүнбаев әншінің жазасы толық дәлелденгенін мәлімдеді. Ол әншіні сегіз жылға бас бостандығынан айыруды сұраған.
Баламның көлігін саттым. Зергерлік бұйымдарды өткіздім. Бірнеше несие алдым. Қателігін мойындап, тәубесіне келетін шығар деп күттім. Бірақ ол кінәсін мойындамады, — деді Бақыт Назарова.
Жәбірленуші моральдық өтемақы ретінде 51 мың доллар мен 10 миллион теңге талап етті. Сот оны ішінара ғана қабылдады. Айыпталушы жәбірленушіге 40 мың долларды қайтаруға міндеттелді.
Сот Гауһар Әлімбекованы алты жылға бас бостандығынан айыру үкімін шығарып, орташа қауіпсіз мекемеде жазасын өтеуге кесті.
Әнші кінәсін мойындамайтынын жеткізді.
Сот үкімі 30 қаңтар күні күшіне енді.