Дариға кинодағы әр кейіпкеріне бар ынтасын салып, ерекше махаббатпен дайындалады. Фильмнің сценарийі қолына тие салысымен-ақ айналаның барлығын ұмытады. Үйдің жұмысы, тіпті, проблемасы мүлдем қызық болмай қалады.
Оған «Қазақша бизнес» фильміндегі Мақпалдың ролін ұсынғанда образды көрерменге қалай жеткізу керегін бірден түсінеді. Сөйтіп ол кейіпкерінің прототипін базардан іздеп табады.
Фильмнің алғашқы бөліміндегі Мақпал — жасы келген, өмірге әбден ренжіген қыз. «Мұндай қыздар қандай болады?» деген оймен базарға бардым. Дәретхананың қасынан өтіп бара жатып, кездейсоқ сонда жұмыс істейтін қызды көзім шалып қалды. Негізі қыздар бойындағы кемшілікті бояну арқылы жасыруға тырысады ғой. Ол қыз да дәл солай, тым қатты боянып алған. Оны сырттай біраз бақылап тұрдым, тұла бойы — тұнған агрессия. Дәретханаға келген әр адамға баға беріп отыр. Қағазды көп алса да, аз алса да, сынайды. Жұртқа ақшасын қайтарғанда да дәл солай, әйтеуір айналасындағының барлығына көңілі толмайды, ұрысуға бейім. Сол кезде «Міне, Мақпалдың прототипі — осы, кинода оны осылай көрсетуім керек» деп ойладым.
Актриса қазір «Хабар» арнасынан көрсетіліп жатқан «Келінжан» сериалында келіннің образын шынайы әрі әдемі ойынымен тамаша алып шыққан. Сериалды көбі Айсара үшін көретін болып шықты. Рольді көрерменге жеткізу үшін ол осы образбен ұйықтап, осы образбен оянған.
13 жыл бойы үлкен отбасымен бір шаңырақта тұру оңай емес қой. Айсарадан кейін бір емес, екі келін түсті. Абысындары қаласа, кез келген уақытта кететінін ол жақсы біледі, сондықтан сол үйде қалып қоямын ба деп қорқады. Күйеуі қойдай жуас, ал енесі қатал. Қолында билік жоқ, ақшаны да ұстатпайды. Ол осыны ойлап ызаланады, сол үшін байбалам салады. Көрермен ретінде Айсараны қатты сыйлаймын, жақсы көремін. Осы образды алып шыққаным үшін өзіме емес, Айсараға көбірек алғыс айтамын. Осы күнге дейін ойнаған рольдерімнің ішінде жаныма ең жақыны — «Тракторшының махаббатындағы» Ләззат. Өзіме осы образ ұнайды. Өйткені ол әрдайым отбасы деп жанұшырып жүреді. Дариға үшін де өмірде отбасы барлығынан жоғары тұрады, — дейді актриса.
Дариғаны кейде көрерменнің біржақты ойлайтыны қынжылтады. Халық Ерке Есмаханның продюсерлігімен түсірілген «Махаббат кафесі» фильмінде темекі шеккен актрисаға ренжіді. Кей көрермен «Дариға, өмірде темекі тартпайсыз ғой? Кішкентай қызым сізді жақсы көреді. Бұл эпизодты көріп, ол қатты ренжіді» деп жазыпты. Осылайша халық актрисаны жаман нәрсеге қимады.
Әр мамандықтың өзіне тән қиындығы мен міндеті болады ғой. Оны қызметкер қанша қиналса да, орындауы керек. Сол сияқты актерға да берілетін тапсырма болады. Түсірілім алаңында режиссер деген «құдай» бар, оған қарсы шыға алмайсың. Оның үстіне артист болғасын өзіңді барлық ампулада көруің керек. Өйткені бұл — жұмыс, осы кәсіп арқылы ақша тауып отырмыз. Соны көрермен түсінсе екен, кинода бізді тек артист ретінде, өмірде өздері сияқты қарапайым адам деп қабылдаса екен, — дейді Дариға.
Камера өмірдегі образдан артық ештеңені көрсете алмайды. Сондықтан ол «өмірде ұқыпты, тиянақты болсаң, өнерде де сондай боласың» деген қағиданы берік ұстанады. Өнер академиясындағы жетекшісі Болат Атабаев та Дариғаға осыны үйреткен екен.
Қалай тісті шаю, шашты жуу, қалай жүріп-тұру керек — барлығын сол кісі үйретті. Актер үшін интеллект — басты нәрсе. Үнемі ізденісте болу маңызды. Ол үшін көп оқып, көп кино көру қажет. Өнер адамы барлық нәрсені көңіліне тез алады. Үлкен денең болса да, тым нәзік болып кетесің. Қазір көбі менен «Образдарың бір-бірінен айнымайды, көрерменді жалықтырып аламын деп қорықпайсың ба?», — деп сұрайды. Жоқ. Өйткені Юрий Никулин, Раиса Рязанова, Ирина Муравьева, Әмина Өмірзақовалар артист қана емес, олар барлық жағынан мінсіз болды. Осындай актерлар сияқты қолтаңбамды қалыптастырып, қайталанбас образдармен есте қалсам, бұл — нағыз жетістік, — дейді актриса.
Дариға үнемі күліп жүреді. Қалжың түсінбейтін, оны қабылдай алмайтын адамдардың қатарынан емес. Адамдарды көбіне әзіл көтеретін қасиетіне қарап бағалайды.
Түсірілім кезінде тапқан әзілдеріме бар дауысыммен айқайлап күлемін. Ондай кездерде Дариғаны тоқтату, тіпті, мүмкін емес. Мұны түсінген режиссер ашуланып, «Болды, фильмді Дариғасыз түсіреміз» дейді. Әсіресе, «Мезгілсіз махаббаттың» түсірілімінде күлкімді тыя алмадым. Негізі кинода көп нәрсені ойымнан құрастырамын. Редактордың көңіліне қарамаймын, «Мынауыңыз өтпейді, ал мына сөздің бұл жерде керегі жоқ» деп тіке айтамын. Өйткені комедияда сенің айтқан сөзіңді көрермен қайталауы керек. Бір ғана қимыл немесе сөз фильмнің әдемі шығуына әсер етеді, — дейді Дариға.
Ол 2003 жылы мектепті бітіріп, Темірбек Жүргенов атындағы өнер академиясына оқуға түседі. Жоғары оқу орнына «Роза Рымбаева сияқты артист боламын» деген арманмен келеді. Өйткені өнер академиясында қандай факультет, мамандық бар екенін де білмеген. Кішкентайынан әнші болуды армандап, «Эстрада вокалы» бөліміне құжаттарын өткізеді. Бірақ оқытушылар оған «Музыкалық драма театр» мамандығына гранттың көп бөлінгенін айтады.
Емтиханнан жоғары балл жинап, оқуға түсіп кеттім. Бірақ театр дегеннің не екенін білмедім. Тіпті, оған барып көрген адам емеспін. Бар білетінім — Асанәлі Әшімов, Әмина Өмірзақова, Тұңғышбай Жаманқұловтар. Бірінші курстың ортасында ғана қай жерге келгенімді түсіндім. Театрға барсам да, ән іздеп отыратынмын. Драма, трагедияны аса қабылдай алмадым. Қазір көбі мені комедияда ғана ойнайды деп ойлайды. Бір қызығы, театрда жүргенде тек драма мен трагедияда ойнайтынмын. Неге екенін білмеймін, комедиялық қойылымдарда бірде-бір ролім болмапты.
Балалық шақтан қалған әдемі естелігі
Дариға Бадықова: «Өнерге жақын өскеннен шығар, басқа балалардан мүлдем өзгеше болдым. Бала болып қуыршақпен ойнау дегенді білмедім. Барлық отбасында жоқшылықтың кезі еді. Күндіз ән айтуға шығамын. Жұрт өнерімді бағалап, алма, өрік береді. Жемістің көбірек жиналғанын көріп, «Келесі үйге ән айтып барғанда бір кесе қант сұрасам ба екен?» деймін өзіме. Сонда алманы турап, оны қайнатуды ойлаймын.
3-сыныптан бастап ауылдағы той-томалақтарда ән айта бастадым. Ауылда кинотеатр бастығының үйіне тойға барғаным есімде қалып қойыпты. Есігінің алдында пияз үйіліп жатыр екен, сол кезде «Мына әнші қызға кетерінде бір қап пияз салып беріңдер» деді. Той біткесін сарқыт салып берді, бірақ олар күндіз айтқан пиязды мүлдем ұмытып кеткен сияқты көрінді. Сосын ақырын ғана той иесінің жанына барып, еш қысылмай: «Аға, маған пияз беремін деп едіңіз», — дедім. Содан бір қап пиязды көлікке салдырып, үйге алып келдім.
Тойда қуыршақтың, тәттінің түр-түрі тұрады, бірақ олардың ешқайсын алмаймын. Бірде кофе мен бір қорап қантты алдым. Оның кофе екенін, қалай дайындайтынын да білмеймін. Бірақ езіп, ішуге болатынын сезіп тұрмын. Соңынан неге қуыршақты алмадым деп өзіме ренжимін. Бірақ көрші-қолаң, туыстар үйге қонаққа келгенде дастарханда бірдеңе тұрса, олардың алдында ұятқа қалмасақ екен дейтінмін. Кішкентайымнан осындай болып өскеніме өкінбеймін, керісінше қуанамын. Өйткені қазіргі жетістіктеріме бала кездегі осы қасиетім әсер еткен сияқты».