Жоғарғы сот Челахтың үкімін өзгеріссіз қалдырды

Челах өмір бойы бас бостандығынан айыру жазасын алып тастауды сұраған еді.

Владислав Челах
Владислав Челах. Тергеудің шұғыл түсірілімінің кадры

БҰҰ-ның Адам құқықтары жөніндегі комитеті мақұлдаған Владислав Челахтың шағымын ҚР Жоғарғы соты қанағаттандырмады.

Ол өмір бойы бас бостандығынан айыру жазасын алып тастауды, құқығы бұзылғаны үшін 30 миллион теңге моральдық шығын өтеуді және істі қайта қарауды сұраған еді. Zakon.kz-тің хабарлауынша, ҚР Жоғарғы соты оның өтінішін орындаудан бас тартты.

ҚР Жоғарғы сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы жаппай кісі өлтіргені үшін сотталған Владислав Челахқа үкімді өзгеріссіз қалдырды, – деп үкім шығарды судья.

Сот алқасының өкілі Лариса Шепелеваның айтуынша, Челах ендігі шағымын Жоғарғы сот төрағасына немесе Бас прокурорға тастай алады. Тағы бір мүмкіндік – БҰҰ жанындағы комитеттің көмегіне қайта жүгіну.

Владислав Челах сот отырысына қатыспады. Себебін судья түсіндірді.

Заңда сотталған азаматтың кассациялық инстанция сотына қатысуы қарастырылмаған. Бірақ біз оған соттың өтетін күні туралы хабарлаймыз. Егер сотталған азамат бас бостандығынан айырылмаған болса сотқа өзі келіп қатысуына болады. Кассациялық инстанцияда жаңа дәлел шықпайды, істің қандай да бір мән-жайы анықталмайды. Онда тек істе бар материалдар зерделенеді, – деді ол.

“Арқанкерген” шекара тұрағындағы қайғылы оқиға 2012 жылдың мамырының соңында болды. Жазғы уақытта қызмет атқарып жатқан 15 шекарашы байланысқа шықпай қалғаннан кейін онда басқа заставаның шекара жасағы жіберілді. Тұраққа келген шекарашылар казарма ғимаратының өртенгенін, оның ішінде 14 адамның мәйіті жатқанын хабарлады. Жақын маңдағы аңшы үйінен орманшының да мәйіті табылды. Бірнеше күннен соң тірі қалған жалғыз шекарашы, қатардағы Владислав Челах ұсталды. 19 жастағы Челах әуелі қызметтестері мен орманшыны өлтіргенін мойындағанымен кейін берген айғақтарынан бас тартты. Ол тергеу барысында өзіне қысым көрсетілгендіктен жалған айғақ беруге мәжбүр болғанын мәлімдеді. Қылмыстық істер бойынша ауданаралық мамандандырылған әскери сот 2012 жылдың 11 желтоқсанында оны кінәлі деп тауып, өмір бойы бас бостандығынан айыруға үкім шығарды.