Басты бетТанымБайлар мен ақсүйектер мекендеген шаhристан

Байлар мен ақсүйектер мекендеген шаhристан

Шаhристан — ортағасырлық қаланың қоғамдық ғимараттар мен сауда және мәдени мекемелер орналасқан бөлігі.

Ортағасырлық қала салу дәстүрі бойынша шаһристан цитадельді (ішкі қамал) қоршай немесе бір шетінен жалғаса салынған. Оның сыртынан міндетті түрде қорғаныс қабырғасы тұрғызылып, айналаға ор қазылады.

Шаhристанды мемлекеттік қызмет істейтін шенеуніктер мен байлар, дәулетті саудагерлер, жергілікті ақсүйектер мен дін қызметкерлері қоныстанған. Сондықтан онда сәулетті, әдемі ғимараттар көп кездеседі.

Шахристан, шаһристан
Фото: Fotokto.ru

Шаһристанның көлемі төртбұрышты болған. Ол кішігірім махаллаларға (шағынаудан сияқты қыстақтар) бөлінген. Әр махаллада мешіт пен ауызсу сақтайтын қойма болады. Шаhристанның дәл ортасында күмбезбен жабылған орталық сауда көшесі орналасқан.

Жауынгерлерге арналған жатақтар (казарма), әдемі үйлер, бау-бақша тізіліп тұрады. Ортағасырлық қалалардағы ауызсу жүйесі мен кәріз құбырлары да осы шаhристаннан табылған. Моншалар мен медреселер қаланың көркі әрі қызмет көрсететін орталық қызметін атқарған.

Оңтүстік Қазақстан аумағындағы 33, Жетісу өңіріндегі 20-дан астам көне қала осы цитадель, шаhристан, рабат жүйесімен салынған. Отырар, Қараспан, Ақтөбе және Талғар қалашықтарында жүргізілген қазба нәтижелері мешіт, медресе, монша секілді діни-ағартушылық және тазалық ошақтары осы қалаларда болғанын көрсетеді.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ