Аслан Назаралиев
Аслан НАЗАРАЛИЕВ, SONA lab, Scoopers, Expert компанияларының директоры ©SZH.kz

«Болашақ» бағдарламасымен АҚШ-та оқыған кезде Қазақстанға көлік, электроника заттарын сататынмын. Сабақпен қоса Нью-Йоркта, Маямиде екінші фотограф ретінде тойға шықтым. Сол жақта «Қазақ мәдениет орталығы» деген ұйым аштық. Онда асыранды қазақ балаларына қазақ тілінен тегін сабақ бердім. Соңғы 2 жылда университетте ресми түрде жұмыс істедім. Өзімнің группаластарыма, спортсмендерге, төменгі курстың студенттеріне математика, статистика, қаржы, бизнес құқығы сабақтарынан дәріс беретінмін.

Алғашқы аяқ алыстар

Елге келген соң, өз кәсібімді ашқым келді. Нарықты зерттеу үшін жарты жылдай Тараз-Стамбұл бағытында жүк таситын ұшықтың қаржы директоры болдым. Ол жақтан көбінесе текстиль әкелетінбіз. Сөйтіп жүргенде бір танысым той көйлектерін сатумен айналысу жөнінде ұсыныс жасады. Ол қыздың батыс Қазақстанда сауда нүктесі болатын. Мен қаражат құйып, ол жүргізетін болып, Астанадан нүкте аштық. Ол үшін астымдағы көлігімді сатып, таныстарымнан қарызға ақша алып, барлығы 50 мың АҚШ долларын салдым. Алайда, сатылым болмады, дүкен жалға алынғандықтан, уақыт өте берді – шығын көбейді. Жарты жылдан соң жабуға тура келді. Бұл менің бірінші банкротым. Тағы бір-екі стартап бастағым келген,- қаржы болмады.

Аслан Назаралиев
©SZH.kz

Сосын бірер жыл үзіліс жасап, есімді жиып алғым келді. Мемлекеттік қызметке кіріп, есеп комитетінде ішкі аудитор болдым. Қолға алған іске толығымен берілетіндіктен, 1 жылдың ісінде тез көтерілім. Басында қатардағы сарапшы, кейін бас сарапшы болдым. Кеңесшілікке ұсынды. Алайда, мемлекеттік қызмет жөніндегі агенттіктен рұқсат бермеді. Себебі, тәжірибем жетіспейтін еді. Әлі күнге дейін бұрынғы бастығыммен араласып тұрамыз. Ол жұмыстан шығып, Алматыға келгенде хабарласты. Есеп комитетінің басшысы ауысыпты. Мені орынбасар қызметіне шақырды. Бас тарттым.

«Мемлекеттік қызметте бюрократия көп. Бір әріпті өзгерту үшін ары-бері қағаз тасисың. Уақыт өлтіресің. Экономикаға айтарлықтай тигізіп жатқан пайдаң жоқ. Өткен бір айдың ішінде бес «Болашақтық» мемлекеттік қызметтегі шендерін тастап, бизнеске кетті».

Алматыға келгелі 1 жылдай не істерімді білмедім. Қаражат болмады, шынын айтқанда. Күніне ізденіп, ғаламторды ақтаратынмын. Бір күні Youtube желісінен бумен шоу жасап жатқанын көріп қалдым. Не екенін іздесем, сұйық азот екен. Одан ары қарай небір ақпарат шыға берді. Соңында «Молекулярлы ас үй» дегеннен бірақ шықтым. Сөйтсем, сұйық азотты тағам жасауда кеңінен қолданады екен. Балмұздақ істеуге де болады.

«Кішкентайымнан тамақ істеймін. Анам саудамен Ресейге жиі баратын, әкем командировкамен кететін. 3 ұл үйде қаламыз. Сол кезде үйдің шаруасын мен жайлайтынмын: сиыр, бие сауып, қой соямын, нан жабатынмын, пісіретінмін. Студент кезімде де тамақты өзіміз жасап ішетінбіз. Шынымды айтсам, АҚШ-та оқыған төрт жылымда McDonald’s, Burger King нүктелерінде бір-ақ рет болыппын. Ол жақта фаст-фудтарда көбінесе қаңғыбастар жүретін».

Сонымен балмұздақ жасау туралы іздене бастадым. Ондайды бұрын-соңды естімеген екенмін, АҚШ-та да көрмедім. Жаңалық енгізуге бел будым. Сұйық азотты іздей бастадық. Курчатовта сатады екен. Сұйық азотты құйып алу үшін дьюар деген құты керек. Себебі оның температурасы -196’С градус. Оны интернеттен іздеп, Украинадан қымбат бағаға сатып алдық. Сөйтсек, тапсырысты дұрыс бермеппіз. Сперма сақтайтын дьюар келді. Оның ерекшелігі ішінде сперма сақтайтын кассетасы болады. Біз оны алып тастадық.

«Технолог деп жүргеніміз алаяқ болып шықты»

ScoopersИнтернеттен балмұздақтың рецептілерін іздедім. Технолог іздеп АТУ-ға бардым. Кафедра меңгерушісі балмұздақ жасайтын технолог екен, алайда сұйық азотпен жұмыс істей алмайды. Қазақстаннан технолог таппаған соң, шетелден іздедік. Италияда бір әпкем тұрады. Сол кісіге де іздеттім. Сөйтіп жүргенде Түркиядан бір түрік технологын таптық. Хабарластық. Айтуынша Ташкентте 6 жыл жұмыс істеген, завод құрған. «Қазіргі уақытта Германияға жұмысқа шақырып отыр»,-деп бір қағаздарды көрсетті. Мен адамдарға сенгішпін. Оның үстіне, қазақ-түрік лицейінде оқыған соң, түріктерге деген құрмет, сенім бар… Айтқанына сене беріппін. Қазақстанға келді. Келген соң еркелей бастады. «Менің айлығым айына 10 мың доллар, бірақ  сендер аяқтан тұрып кеткенше айына 3 мың доллар ала тұрайын»,- деді. «Мен жай жерде тұрмаймын. Бұрын компанияның директоры болғанмын. Барлық жағдай жасалған болсын»,-деп жүріп, Момышұлы көшесіндегі айына 80 мың болатын 3 бөлмелі пәтерді менсінбеді. Бұл 2014 жылдың басы еді. Содан «Нұрлы таудағы» жап-жаңа пәтерді таңдады. Құны айына 2 мың доллар. Есептей беріңіз, айына қанша шығын шығарғанымызды.

Пәтеріне жайғасқан соң, түрік ағам басқаша сайрай бастады. «Сұйық азотпен балмұздақ жасау деген – жас баланың әңгімесі. Ондай балмұздақ болмайды. Егер түрік балмұздағын жасағыларың келсе, істеймін»,-деді. Менің мақсатым қалай болса да, істеу болды. Сосын қарызға ақша алып, айтқан құрал-жабдықтарын алу үшін Түркияға тапсырыс бердік. Технологымыз алдын ала төленетін соманы аз қылып, қалған ақшасын қолма-қол берсек, кедендік шығындар аз болатынын айтты. Оған да келістік. Сатушы компаниямен келісім-шартқа аз ақшаға отырдық. Қалған ақшаны технологтың ағасының шотына аудардық. Ол Түркияға барған соң сол ақшаны алып, төлеуі керек болды. Қолына тағы 10 мың доллар беріп жібердік. Соның арасында Алғабас жақтан 300 шаршы метрлік цех жалдатқан болатын. Оны толығымен кафельдетті, кварц жарықтарын қойдыртты. Оған 17 мың доллар салдық. Оның сыртында жалға алу ақшасы бар. «Апорт Моллға» барып презентация жасадық.

Сөйтіп ақшаларды алып, Түркияға ұшып кетті. Біраз күннен соң тағы ақша жіберу керектігін айтып хабарласты. Өзім ұшып бардым. Барсам, технологымыз компанияға бір тиын да бермеген. «Мен ақшаны жаратып қойдым, қыдырдым, күніне 500 доллар жұмсадым»,-дейді. Технолог деп жүргеніміз алаяқ біреу болып шықты. Қырылысып-қырылысып қойдық. Толығымен есептесем, түрікке 60 мың доллар шығындаппыз.

Аслан Назаралиев Scoopers
Scoopers-тің негізін қалаушылар: Олжас ШИМИРОВ пен Аслан НАЗАРАЛИЕВ

«Балмұздақ рецептілерін өзіміз ойлап таптық»

Сатып аламыз деген құрал-жабдықтарды Түркияға қалдырып кеттік. Себебі, қалған ақшасын төлемегенбіз. Алғабастағы цехымыз да тұрып қалды. Екі ортада тесік легенді ұстап біз қалдық. Солай Scoopers басталмай қалды. Қалтамызда көк тиын жоқ. Содан күнделікті шығындарымызды болса да жауып тұруы үшін, клинингтік жұмыс жасауды шештік.

Мен Америкада жүргенде бұл туралы ойлағанмын. Тіпті құралдарын да алып қойғанмын. Басқа да керек-жарағымызды «Барахолкадан» алдық та, жаңадан ашылып жатқан Stradivarius, Bershka, Pull&Bear бутиктеріне тазалық жасадық. Сол кезде ақшамның аздығы сондай, үйге қайту үшін автобусқа төлейтін ақшам жоқ болатын. Жаяу келетінмін. Одан кейін басқа тапсырыстар шықты, ақша жинала бастады. Сөйтіп жүргенде «Апорттан» хабарласты. KFC-дің жанынан орын босаған екен.

Достарымыздан қарызға ақша алып, бөліп төлеуге жөндеу жасаттық. Балмұздақ рецептілерін өзіміз ойлап таптық. Жарты жылдан аса үйде істеп көрдік. Дүкенге жүгіріп барып, сүт, кілегей, жұмыртқа, сары су аламыз. Талмай ізденістің арқасында қолымыздан келді! «Апорттан» алғашқы нүктемізді аштық. 2 айдай өзім кассир, өзім технолог болып тұрдым. Кейін сатушы алдық, ADK-дан екінші нүктемізді аштық.

«Scoopers сөзінің түбірі «балмұздақ салатын қасық» деген мағынаны береді».

Scoopers балмұздағының ерекшеліктері

Бірінші ерекшелігі – табиғи таза өнімдерден, көз алдыңызда жасалатын балғын балмұздақ. Біздің балмұздақтар көп тұрмайды. Күнде таңертең жасалады да, салқын күйінде сауда нүктесіне жеткізіледі. Жаңа цехтан көрдіңіздер ғой. Бірде-бір тұрған балмұздақ жоқ.  Балмұздақ үшін «Адалдың» 2,5% жұмсақ пакеттегі сүтін, «Рахаттың» какаосын пайдаланамыз.  Қанттан карамель жасаймыз. Жалбыздан, кофеден жасалатын түрлері де бар. Тұтынушы таңдағаннан кейін көзінше жасап береміз. Ешкім олай істей алмайды. Басқа балмұздақтың барлығы сауда орындарында айлап тұрып қалады. Олар солай ұзақ уақыт сақталуы үшін небір химиялық заттарды қосады.

Scoopers
Scoopers цехы ©SZH.kz

Екінші ерекшелігіміз – мұздың болмауында. Сұйық азотпен қатырғанда балмұздаққа мұз қалыптасып үлгермейді. Лезде қатып қалады. Мұз болмаған соң, тамаққа да зияны жоқ. Ауызда бірден еріп кетеді. Кез келген қария болсын, жас бала болсын, қанша жесе де ауырмайды.

Үшіншіден – өзіңіздің таңдауыңыз бойынша жасалады. Жалбыз дәмімен, кофемен де жасаймыз. Поп-корн қосатын кездеріміз де болады. Басқа балмұздақтарға поп-корн қоссаңыз, сәлден кейін ботқа болып кетеді. Ал бізде олай емес.

Төртіншісі — жай ғана балмұздақ жемейсіз, сұйық азотпен жасалатын булы шоу көресіз.

Тұрақты тұтынушыларымыз достарымен келерде телефон соғып, хабарласып тұрады. Scoopers балмұздағын жеген адам басқа бәсекелестеріміздің өнімін жемейді. Өйткені, табиғи, әрі дәмді. Тіпті шетелдіктерге де ұнады.

«Scoopers-ке шетелден ұсыныстар көп түседі»

Қазір Қытайда, Шанхай қаласында франчиза ашып жатырмыз. Оның тұсында Түркиядан да  тұтынушы шыққан, алайда террорлық жағдайларға байланысты тоқтап қалды. АҚШ-тан, Ресейден, Дубайдан ұсыныстар түсіп жатыр.

«Жақында KFS, Hardees-тердің ТМД елдеріндегі директоры Қазақстанға келді. Біздің нүктені көріп, қызығып, балмұздағымыздың дәмін татып көрді. Ұнатты. Оған ұнағаны – біз үшін көрсеткіш болды. Себебі, ол 3000 ресторан ашқан кісі».

Scoopers Bubble tea
Тайваньдық сусын Bubble Tea

Қазір Scoopers-те сұйық азот балмұздағынан өзге, тайваньдық Bubble Tea коктейльдері бар. Оны үйрену үшін әйелім екеуіміз ерінбей Тайваньға, Тайпейге барып келдік. Оның сыртында  Bubble waffle деген гонконгтық ыстық вафлилер жасаймыз. Көз алдыңызда түрлі қоспалармен вафли пісіріп береміз. Арасына қалауыңыз бойынша балмұздақ, кілегей саламыз. Табиғи смузилер,  мұздатылған парфе йогруттары, кофе бар.

«Молекулярлы ас үйі бар ресторан  ашқым келмейді. Қазіргі дағдарысқа байланысты халықта экзотикалық тағамдарды қайта-қайта алып жеуге ақша жоқ. Біздің нарық оған дайын емес.

Мен одан да сұйық азотты балмұздақты әлемге Қазақстандық бренд ретінде экспорттап, химиялық заттарды өндіру арқылы импортпен келіп жатқан өнімдерді алмастырып, ішкі нарықты қамтамасыз еткім келеді».

Аслан Назаралиев
«Командамызбен жұмыс барысынан тыс, галстуксыз кездесулерді жиі өткізіп тұрамыз. Кеше караокеге бардық. Бұндай басқосулар командалық рухты күшейтеді. Бұрынғы офисымыз коттеджде болғандықтан, барбекю жасап тұратынбыз. Біздің командамыз жас қыздар мен жігіттер. Бәрінің жанарында от бар» — Аслан НАЗАРАЛИЕВ ©SZH.kz

Бүгінде Scoopers 15 адамды жұмыспен қамтып отыр. Оның сыртында SONA Lab пен Expert компаниялары бар.

«SONA Lab: Бағамыз бәсекелестерімізден екі есе арзан, сапамыз бірдей»

Клинингтік компаниямызды Expert деп атадық. Бұл салада біраз тәжірибеміз бар. 2015 жылдың басындағы девальвация кезінде химиялық заттарды өзіміз өндіруді қолға алдық. «Болашақпен» бірге оқыған химиялық технолог досымызды шақырдық. Осы жерде химиялық заттарды өндіре бастадық. Қазір SONA Lab деп аталатын кәсіби, өндірістік және авто химия өндіретін компаниямыз бар. Онда асхана тазалағынан бастап, ыдыс жуатын машинаға, кілемге, жиһазға, терезе мен әйнек бұйымдарға , көлік тазалағына арналған химиялық заттар бар.

SONA Lab
SONA Lab өндіріс цехы

Бүгінде бизнесіміз де жақсы жүріп жатыр. Алматыда, Астанада, Шымкенттегі қонақ үйлер мен клинингтік компаниялар, ресторандар, сауда орталықтары барлық химиялық затты бізден алады. Кеше «Алматы Resort» саяжайымен келісімге отырдық. Олар да кір жуу, машина жуу, ыдыс-аяқ, ғимарат ішіндегі кез келген тазалықты жүргізуге арналған заттарды бізден алады.

Өзіміздің лабораториямыз болғандықтан, химиялық затты әр техникаға лайықтап жасай аламыз. Бағамыз «эконом» кластан «премиум» санатындағыларға дейін қолжетімді. Бәсекелестерімізден екі есе арзан, сапамыз бірдей.

«Қазір жылу жүйелеріне байланысты бір жобаны қарастырып жатырмыз. Топырақсыз, күннің сәулесінсіз руколо, базилик сынды көк шөптерді өсіру технологиясын тестілеудеміз. Әлі нарыққа шығарған жоқпыз. Бірақ жақсы нәтижелер бар. Ол да жаңалық. Біз сондай тың нәрселермен айналысқанды жақсы көреміз».

Аслан Назаралиевтың бір күні

Таңертең ерте тұрамын. Қазір спортқа көңіл бөліп жүрмін. Сағат тоғыздан кете офиске келемін. Түске дейін жоспарлы жұмыстармен танысып, тапсырмалар беремін. Түстен кейін өндіріске түсемін. Одан кейін кездесулер бар. Кешке офиске қайтып келіп, қалған жұмыстарымды бітіремін. Бухгалтерлік қағаздарға қол қою, ертеңге күнге тапсырмаларды таратамын. Үйге түнгі 22:00-ге қарай қайтамын.

Аптаның 7 күнінде де жұмыстамын.

«Кішкентайымнан тынымсызбын. Келіншегім «Сен демала алмайсың!»-дейді. Алдыда істейтін жұмыстар көп екенін білемін. Қазақстанмен ғана шектелмей, халықаралық бизнес құрғым келеді. Мен өмірі істегеніме қанағаттанбаймын. Өзгелерден де соны талап етемін».

Аслан Назаралиев
©SZH.kz

Асланнан 5 кеңес:

  1. Қарапайым болса да, сүйген ісіңмен айналыс. Мен балмұздақты бастаған кезде, ешкім сенген жоқ. Ата-анам да. «Оны не қыласың? Қайтадан мемлекеттік қызметке бар. Ол сені өлтірмейді», -дегендер көп болды. Мен өз дегенімнен қайтпадым.
  2. Қандай идея келсе де, инвестор іздемес бұрын, бірінші  прототипін жасап көру керек. Біздікілер бір презентация жасап алады да, жүгіріп инвестор іздейді. Бұлай инвестор табу қиын. Одан да біреуден қарызға ақша алсаң да, бір затыңды сатсаң да, идеяңа қажетті құралдарыңның пайдаланылған түрін болса да сатып ал. Сосын жасап көр. Сол кезде қыр-сырын біле бастайсың. Талпына берсең, инвестор саған өзі келеді. Өзім Павлодарлық бір студентке инвестор болып көрмекпін. Жоба білім саласына қатысты.    
  3. Тәжірибесі мол, бизнесі сәтті кәсіпкерлермен кеңесіп тұр. Ол сенен кеңесін қызғанбайды. Идеяңды да ұрламайды. Керісінше, идеяң оған ұнаса, саған қаржы құюы мүмкін. Мен де бұрын Scoopers туралы идеямды ұрлатып алудан қорқып, ешкімге дұрыстап айтпайтынмын. Істей бастағанда да, біреу көшіріп алады деп ойладым. Алайда, 2 жыл өтті, ешкім ұрлаған жоқ.
  4. Стартап бастайтындардың бірінші қателігі – бәрін бір өзі ғана істегісі келеді. Ондай ашкөз болмау керек. Жалғыз жүріп сәттілікке жету өте қиын. Одан да аз дегенде 2 адам болып жұмыс істеу керек. Ақылдаса отырып, өнімді жұмыс істейсің. Жалғыз өзің 100 мың теңге тапқанға қарағанда, неге екеу болып 500 мың теңге таппасқа? 250 мың теңгеден бөлісіп аласың.
  5. Ақшаны жұмсауды ең соңына қалдыр. Керек заттарыңды қолдан ал немесе бөліп төлеуге ал. Көбі бар ақшасына жүгіріп барып құрылғыларын сатып алады. Мүмкін оған рұқсат қағазы керек шығар, бәлкім этикетка керек болар. Бәлкім ол саған қажетті құрылғы емес шығар. Саудаласып үйрен. Ағылшындар «Әр сақтаған тиының – сенің еңбекпен тапқан ақшаң» дейді. Егер сен бір затты алмас бұрын саудаласып, бағасын түсіріп алсаң, қалтаңда қалғаны саудаласқан еңбегіңнің ақысы.

Сұхбаттасқан Әсел Сарқыт, суреттер Дарын Шөкенов