Нұрлан Сауранбаев Президент Әкімшілігінің бөлім меңгерушісі болып тағайындалды. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.
Мемлекет басшысының өкімімен Нұрлан Ермекұлы Сауранбаев Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Мемлекеттік бақылау және аумақтық-ұйымдастыру жұмысы бөлімінің меңгерушісі болып тағайындалды, — делінген хабарламада.
«ҚазАқпараттың» хабарлауынша, Нұрлан Сауранбаев 1967 жылы 20 мамырда туған, мамандығы — экономист. Еңбек жолын 1991 жылы «Еңбек» компаниясының бас директоры болып бастады. 1997-2002 жылдары Қазақстан кәсіпкерлер конгресінің атқарушы директоры, «Қазақстан темір жолы» республикалық мемлекеттік кәсіпорынның «Жолаушылар тасымалы» еншілес кәсіпорнының директоры, «Атырау мұнай өңдеу зауыты» ашық акционерлік қоғамының бірінші вице-президенті қызметтерін атқарды. 2002-2016 жылдары «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ Инжиниринг және сервис қызметтері департаментінің директоры, мұнайды тасымалдау жөніндегі басқарушы директоры, сервистік жобалар жөніндегі басқарушы директоры, ҚР Индустрия және жаңа технологиялар вице-министрі, ҚР Қорғаныс министрінің орынбасары болып жұмыс істеді.
2017 жылдың ақпан айынан бастап EXPO-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесін әзірлеу және өткізу мәселелері жөніндегі штабтың ұйымдастыру комитетінің басшысы қызметін атқарды. 2017 жылдың 7 қарашасында Шымкент әкімі болып тағайындалды. «Құрмет» және «Парасат» ордендерімен, «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 20 жыл» мерекелік медалімен наградталған.