Орал қаласының тарихы терең. Алтын Орда хандығы тұсында қала «Теке» деген атау алған. Орал Қазақстанның солтүстік-батысында орналасқан. Ресейдің Астрахань, Волгоград, Саратов, Самара, Орынбор облыстарымен шектесіп жатыр. Қалада орыстың белгілі ақын-жазушылары Александр Пушкин, Василий Жуковский, Владимир Даль, Михаил Шолохов, Владимир Короленко болған. Көрнекті қазақ қаламгерлері Сәкен Сейфуллин, Хамза Есенжанов, Тайыр Жароковтар өмірінің біраз уақытын Оралда өткізген.
Орал әдемі үйлерімен, магистраль жолдарымен, жылдар бойы сақталып келе жатқан тарихи-сәулет ескерткіштерімен Қазақстанның батыс аймағындағы сәнді қақпаға айналған. XVIII ғасырда Сырым батырдың бастауымен қазақ сарбаздары ұлт-азаттық көтеріліске шықты. 1905 жылы Оралда өткен жалпықазақ съезі қазақ халқының саяси тұрғыдан сана-сезімін оятты, «Алаш» саяси партиясын құру идеясы осында қолға алынды. Бұл топырақта Махамбет пен Сырым, Құрманғазы мен Дина, Дәулеткерей, Мұхит, Ғарифолла Құрманғалиев, Мәншүк Мәметова, Қадыр Мырза Әлі сияқты тұлғалар туған.
Қазіргі Оралдың орнында скиф, ғұн, авар, печенег және қыпшақ тайпалары мекен еткен. Сол тайпалардың көсем, жауынгерлері жерленген қорымдар мен қорғандар қазір қаланың маңынан табылып жатыр. Жайық бойына орыстар ХV ғасырдың аяғы мен XVI ғасырдың басында келе бастаған. XVII ғасырдың бірінші ширегінде Ноғай хандығымен шекарадағы шағын әскери бекінісіне тірек ретінде Жайық қалашығы салынды. Ол 1613 жылы қазіргі Оралдың орнына көшірілген. ХVIII ғасыр бас кезінде Жайық қалашығында үш мыңға жуық үй болған. Олар Жайықтың бұрынғы арнасы мен Шаған өзендерінің бойына орналасты. Қаланың негізгі тұрғындары Ресей патшалығынан кезінде қоныс аударып келген казак орыстары еді.
1801 жылы ішкі Қазақ Ордасы (Бөкей ордасы) құрылып, оған Нұралы ханның екінші ұлы Бөкей сұлтан билік еткен. Ал 1812 жылы халық Бөкейді «Хан тоғайында» (Орал маңы) ақ киізге көтеріп, хан етіп сайлаған. 1815 жылы Бөкей қайтыс болған соң, Шығай сұлтан уақытша хан болады да, 1823-24 жылы Жәңгір Бөкейұлы хан тағына отырған.
Жайық казак-орыстары 1773-75 жылдары Емельян Пугачев бастаған шаруалар көтерілісіне қатысқан еді. Қала 1739, 1751, 1821, 1879 жылдары өртенген. 1783-97 жылдары Сырым Датұлы бастаған халық көтерілісі мен Исатай мен Махамбет бастаған ұлт-азаттық қозғалыстары Орал мен Жайық өңіріне ерекше із қалдырды.
1846 жылы қалаға айрықша құқық беріліп, үлкен қала санатына қосылды. 1869 жылы Орал облысы құрылып, қала облыс орталығына айналды. 1923 жылы Орал-Елек темір жолының ашылуы, 1925 жылы Жайық өзені мен Орал-Атырау арасында тұрақты кеме қатынасы қаланың экономикалық жағдайын жақсартты. Одан кейінгі жылдары (1950-90 жылдары) Оралда ірі машина жасау, металл және құрылыс материалдарын өңдеу, жеңіл тамақ өндірісі, медициналық препарат зауыты сияқты 200-ден астам нысан салынды.