Сириядан оралғандардың арасынан террорлық әрекеттерге қатысқан адамдар ғана азаматтығынан айырылып, жазаланады. Бұл туралы бүгін Сыртқы істер министрлігінде «Жусан» гуманитарлық операциясына арналған брифингте ҰҚК департаментінің бастығы, генерал-майор Бақытбек Рахымбердиев мәлімдеді.
Ол қазақстандықтардың Сириядағы қақтығыс аймағынан оралуынан болатын барлық салдар ескерілгенін атап өтті. «Жусан» операциясы ең ауқымды болғанымен бірінші рет өткізіліп отырған жоқ.
Қазір 6 ер адам мен 1 әйел адамға қатысты «лаңкестік әрекетке қатысы бар» деген күдікпен сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр. Соңғы нүктесін сот қояды. Барлығы 6 ер адам, 11 әйел, 30 бала әкелінді. Қоғамды «олардың тарапынан қандай да бір қауіп-қатер болмай ма?» деген мәселе толғандырып отыр. Сирия, Ирак және Ауғанстандағы жанжал бірнеше жылға созылды және осы кезең аралығында бірқатар азаматымызды бірнеше жыл ішінде осындай ауқымды түрде болмаса да, бірте-бірте қайтарғанымызды айта кету керек. Олардың 40%-ы ғана қылмыстық жауапкершілікке тартылды, кейбіреулері, тіпті, бостандыққа шықты. Қалғандарының бәрі азаматтық қоғамның және ең әуелі туыстарының қатысуымен алдын алу, оңалту шараларын өткерді. Қазіргі уақытта бұл адамдар тарапынан қандай да бір қауіп-қатер байқалып отырған жоқ, — деді ол.
Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасы бойынша енгізілген азаматтықтан айыру мәселесі қақтығыс аймақтарында әлі жүрген адамдарға қатысты қарастырылып отыр және сот шешімі бойынша іске асырылуы мүмкін.
Ал елге қайтарылған азаматтарға келер болсақ, мұнда мүлдем басқа жағдай. Олар өз еркімен қайтып келуге тілек білдірді. Кінәлі деп танылғандар Қазақстанда жазасын өтейді. Ал кінәсіздерді азаматтықтан айыру мәселесі қарастырылмайды, — деді Бақытбек Рахымбердиев.
Еске салайық, бұған дейін Нұрсұлтан Назарбаевтың Сириядан 47 азаматтың елге қайтарылғаны жөнінде мәлімдеме жасағаны хабарланған еді.