Нұрсұлтан Назарбаев ҚР Сыртқы істер министрі Бейбіт Атамқұловты қабылдады. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.
Кездесу барысында министр Мемлекет басшысына еліміздің сыртқы саясатын одан әрі экономикаландыра түсу жөніндегі жұмыс жоспары мен министрліктің алдында тұрған міндеттердің орындалуы туралы мәлімет берді.
Нұрсұлтан Назарбаев еліміздің сыртқы саясатын экономикаландырудың және елдің сыртқы саяси бағытын әрі қарай тиімді жүзеге асырудың маңызына тоқталды.
Күн тәртібіндегі халықаралық мәселелерді де ұмытпауымыз керек. Сыртқы істер министрлігінің міндеті — еліміздің сыртқы саясатын және бейбітшілік пен тату көршілік саясатын белсенді жүргізу. Бастаған ісіміздің бәрін одан әрі жалғастыру қажет, — деді Қазақстан Президенті.
Бейбіт Атамқұлов Мемлекет басшысына инвестициялық жобаларды ілгерілету жұмысына жүргізілген талдау нәтижелері мен министрліктің орталық аппаратының қызметін қайта түзу мәселелері жөнінде мәлімдеді. Сонымен бірге Қазақстанның дипломатиялық миссияларын сыртқы саясатты экономикаландыру жөніндегі жаңа міндеттерге сәйкес жұмыстарға бейімдеу үшін қабылданған шаралар туралы баяндады, ел экспортының бағыттарын қайта қарастыру үдерісі жөнінде айтты.
Президент кездесу қорытындысы бойынша бірқатар нақты тапсырма берді.