Әкім Бақыт Сұлтанов Астана тұрғындарының орташа жалақысының мөлшерін айтты.
Қала басшысының айтуынша, 1998 жылдан бері Астанада жұмыссыздық деңгейі 12,8-ден 4,5%-ға дейін азайған. Бұл — республика бойынша ең төменгі көрсеткіш.
Егер 20 жыл бұрын орташа жалақы 10 мың теңгеге де жетпесе, қазір ол 230 мың теңгеден асады, — деді Бақыт Сұлтанов.
Әкімнің айтуынша, әлеуметтік инфрақұрылым құрылысының ауқымды бағдарламасының нәтижесінде Астанада 20 жыл ішінде медицина бойынша республикалық және қалалық маңызы бар 20-дан астам, білім беру саласы бойынша 30-дан астам нысан салынды.
Астананың жалпы тұрғын үй қоры 20 жылда төрт еседен артық ұлғайды және 20 миллион шаршы метрден асты, соның ішінде көбі коммерциялық құрылыс есебінен, бұл Астанаға сапалы баспанамен қамту деңгейі бойынша көш бастауға мүмкіндік берді. 2018 жылы ел бойынша нысандардың төрттен біріне жуығына тең құрылыс пайдалануға берілді, бұл — 2,4 миллион шаршы метр баспана, — деді Бақыт Сұлтанов.
Бақыт Сұлтановтың айтуынша, осы уақыт ішінде қала аумағы үш есе, тұрғызылған баспана 19 есе, халық саны төрт еседен артық ұлғайды. Елдің ішкі жалпы өнімінің 11%-ы Астанада өндіріледі, Қазақстанның негізгі капиталының 10% инвестициясы да Астанаға тиесілі.