Астанада әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына 17 миллиард теңгеге жуық қаражат аударылды

2017 жылдың 1 шілдесінен 2018 жылдың 31 желтоқсанына дейін астаналық жұмыс берушілер мен жеке кәсіпкерлер міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру үшін 16,78 миллиард теңге жарна аударды. Бұл туралы «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Астана бойынша филиалының баспасөз қызметі хабарлады.

Бұл — республика бойынша аударылған жарналар мен аударымдардың жалпы сомасының (133 миллиард теңге) 12,62 %-ы. Жалпы аймақтық тұрғыдан алғанда, Астана медициналық сақтандыру жарналары мен аударымдары бойынша Алматыдан (21,10%) кейінгі екінші орында, үшінші орында — Қарағанды облысы (8,20%).

Аударымдардың негізгі бөлігі жұмыс берушілерге тиесілі — 11 миллиард теңгеден астам қаражат, 6 миллиард теңгеге жуық қаражат — жеке кәсіпкерлердің жарналары.

Еске сала кетейік, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жарналары, яғни жинақталған қаржы Ұлттық банкте сақталады. Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры Ұлттық банкпен сенімгерлік басқару туралы келісімшарт жасасқан. 2020 жылдан бастап бұл қаражат Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру пакеті шеңберіндегі қызметтер ақысын төлеуге жұмсалады.