Басты бетЖаңалықтарБақыт Сұлтанов:...

Бақыт Сұлтанов: Астана шетел инвесторларын тартатын негізгі орталыққа айналады

Астана әкімі Бақыт Сұлтанов мәслихат депутаттарымен кездесті. Әкімнің баспасөз қызметінің хабарлауынша, кездесуде өтіп бара жатқан жыл қорытындыланып, келер жылға жоспарлар құрылды.

Осы жылы қалада ауқымды жұмыс атқарылды. Астана үшін осы жыл бар жағынан жақсы жыл болды. Оның дәлелі жеткілікті — 2018 жылды ғана жоғары экономикалық көрсеткіштермен аяқтап отырғанымызды айтсақ та, жетерлік. Жалпы өңірлік өнім көлемі болжамдық бағалау бойынша 6 триллион теңге болды. Қаланың өнеркәсіптік кәсіпорындары мен қызмет көрсету саласы 544 миллиард теңгеден астам сомаға өнім өндірді және осылайша былтырмен салыстырғанда оң ығысу плюс 9,6% белгісінде тіркелген, — деді қала әкімі.

2017 жылмен салыстырғанда өңдеуші өнеркәсіптегі өндіріс көлемі 12,6%-ға ұлғайды. Осы жылы жүк тасымалдау көлемі жалпы алғанда 9%-ға өсті. Бөлшек сауда тауар айналым көлемі 1 триллион теңгеден асып, 2017 жылмен салыстырғанда 6%-ға өсті. Мемлекеттік бюджетке салық түсімдері 981,9 миллиард теңге көлемінде жиналған, ол 2017 жылғы көрсеткішпен салыстырғанда 13,9%-ға жоғары.

Бақыт Сұлтановтың айтуынша, бұл көрсеткіштер шағын және орта бизнестің есебінен қалыптасқан, жалпы өңірлік өнім құрылымында оның үлесі 55% болды.

Алда жұмыс көп. Осы үш айда қалалықтармен және ҮЕҰ секторы өкілдерімен де кездестім. Әлеуметтік орталықтарға жиі баруға тырысамын. Кеше балалар мен қарттар үйлеріне бардым. Мен өзімді шашымнан башпайыма дейін астаналықпын, қаланы жақсы білем деген едім. Бірақ қала әкімі ретінде қызметім басталған үш айда бұрын көргенімнің 10%-ын да көрмегенімді түсіндім. Біздің мақсат — Астананы жаһандық қалаға айналдыру, ол креатив адамдарды, талантты жастарды, сонымен бірге туристер мен шетел инвесторларын тартатын негізгі орталыққа айналады. Ол үшін қала құрылысында заманауи урбанистік шешімдер, жаңа тәсілдер қолданылуы қажет. Бір сөзбен айтқанда, қала тұрғындары мен қонақтарына ыңғайлы орта және мүмкіндігі шектеулі жандарға кедергісіз жайлы жағдай жасауымыз керек, — деді Бақыт Сұлтанов.

Әкім депутаттарға нәтижелі және бірлескен жұмысы үшін алғыс айтып, оларды келе жатқан Жаңа жыл мерекесімен құттықтады.