Театр және кино актеры, продюсер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Азамат Сатыбалды Ғабит Мүсірепов атындағы балалар мен жасөспірімдер театрының директоры болып тағайындалды.
Театрдың әдебиет бөлімінің меңгерушісі Ақ-Зия Жайлының хабарлауынша, осы кезге дейін директор қызметін атқарған Сәбит Әбдіхалықов М.Әуезов атындағы қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының директоры болып тағайындалды.
ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлының бұйрығымен талантты театр және кино актеры, білікті продюсер, танымал тележүргізуші, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Азамат Сатыбалды Ғабит Мүсірепов атындағы қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрына директорлық қызметке тағайындалды. Ұжымның әрбір мүшесінің қамын ойлап, шығармашылық пен басқаруда жан-жақты жанашырлық ұстаныммен іс қыла білген Сәбит Әбдімүтәліұлына абыроймен атқарған қызметіне алғыс айта отырып, «барған жеріңізге бақ орнатыңыз, жолыңыз болсын!» дейміз. Ал жаңа басшының алдағы қызметіне мол сеніммен, табыс, үлкен серпін, тың бастамалар тілейміз, — дейді Ақ-Зия Жайлы.
Азамат Сатыбалды 1977 жылы қазіргі Жамбыл облысының Рысқұлов ауданында туған. Кеңес Одағының екі мәрте батыры Талғат Бигелдинов атындағы Қарағанды республикалық әскери мектеп-интернатының түлегі. 2005 жылы Темірбек Жүргенов атындағы қазақ ұлттық өнер академиясын тәмамдады. Театрдағы, телешоулардағы және «Бақсы», «Ағайынды», «Рэкетир 2: Кек», «Анаға апарар жол» және басқа да фильмдердегі образ-рольдері арқылы таныс.