Енді пәтер бөлмелерін өзгерту үшін мемлекеттік органнан рұқсат алу қажет болмайды

Қазақстанда пәтердің ішкі қабырғалары мен бөлмелерін өзгерту процедурасы жеңілдетіледі. Бұл туралы Мәжілістегі Үкімет сағаты кезінде Инвестициялар және даму вице-министрі Қайырбек Өскенбаев айтты.

Жылжымайтын мүлікке иелік ету құқығын мемлекеттік тіркеу мәселелерін талқылау кезінде Мәжіліс төрағасының орынбасары Владимир Божко пәтерді қайта жоспарлауға рұқсат алу төңірегіндегі қағазбастылық туралы айтты.

Ол бір күрделі процедура: жобаны алу керек, оны бекіту керек. Адам өзі салмақ түсетін конструкцияларды қозғамайтынын біліп тұрса да, пәтер ішін өзгертуге рұқсат алуға бір ай және одан да көп уақыт кетеді, — деді Владимир Божко.

Қайырбек Өскенбаев келешекте егер салмақ түсетін конструкцияларға тимейтін болса, пәтер ішін қайта өзгертуді мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау органымен келісудің қажеті болмайтынын айтты.

Пәтерлер бойынша қазір заңға пәтер ішін салмақ түсетін конструкцияларды қозғамай өзгерту, қайта жоспарлау жөнінде түзетулер енгізіліп отыр, енді келісім алу талап етілмейді, — деді Қайырбек Өскенбаев.

Айта кету керек, бұған дейін Krisha.kz порталы енді пәтер бөлмелерін салмақ түсетін және қоршап тұрған конструкцияларды қозғамай өзгерту үшін бұрынғыдай көршілердің нотариус растаған қолын жинау, нысанға техникалық зерттеу жүргізу және жергілікті атқарушы органның рұқсатын алу қажет болмайтынын хабарлаған еді. Бөлме қабырғаларын өзгерту тәртібі тұрғын үй иелеріне де, тұрғын үйге жатпайтын нысан иелеріне де бірдей жеңілдетіліп отыр.

ДереккөзTengrinews.kz