Алматы полициясы автокөлікпен және электрондық хаттама толтыру үшін планшеттермен толық қамтамасыз етілді. Бұл туралы Алматы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.
Жұмыс сапары кезінде Алматы әкімі Бауыржан Байбек отандық өндірісте шығарылған әрі газбен жұмыс істейтін 70 жаңа автомобильді көрді. Қазіргі кезде қала полициясының автопаркі көлікпен толық қамтылған, ал бұл ведомствоның жедел жұмысына оң ықпалын тигізеді.
Қала полициясының бастығы Серік Күдебаев әр автомобильдің GPS-навигаторымен және видео- және аудиофиксациялармен жабдықталғанын айтты. Сонымен бірге жол-патруль қызметкерлеріне планшеттер мен кеуде видеорегистраторлары берілген. Осының арқасында хаттамалар тек электрондық вариантта жасалады, ал келер жылдың бірінші тоқсанында айыппұлдар тәртіп бұзылған жерде банк картасы арқылы бірден төленеді.
Мегаполис әкімі Бауыржан Байбек тұрғындардың қауіпсіздігі қаланы тұрақты дамытудың басым бағыты екенін айтты.
Қазіргі кезде біз қауіпсіздік саласына информатизацияны кеңінен тартып отырмыз, яғни сыбайлас жемқорлыққа себеп болатын адам факторын барынша азайту үшін жаңа технологияларды енгізіп жатырмыз. Видеобақылау камераларының саны артып жатыр, мақсат — айыппұл салу ғана емес, сонымен бірге көлік қозғалысын тәртіпке келтіріп, жол-көлік оқиғаларының санын азайту. Үш жыл ішінде қаланың жергілікті бюджетінен полицияны жабдықтауға жеткілікті қаржы бөлінді, сондықтан біз сервис принципі бойынша полициядан жұмыс тиімділігін арттыруды талап ете аламыз, — деді ол.
Жалпы Алматы полициясының материалдық-техникалық базасы 87%-ға жарақтанудырылып отыр. Соңғы үш жыл ішінде 468 қызметтік көлік алынды. Қаланың барлық ауданында жергілікті бюджет есебінен іші көрініп тұратын фронт-офистер ашылады. «102» қызметі жетілдіріледі, қазіргі кезде бұлардағы операторлар саны 2,5 есе, ал олардың жалақысы 3 есе өскен.