Басты бетТанымХан Тәңірі...

Хан Тәңірі — көкпен таласқан мәрмәр шың

Хан Тәңірі — тау туризмі бойынша әлем жұрты көп қызығатын шыңның бірі. Мұзартқа апаратын 25 жол бар.

Хан Тәңірі биігіне жартасты, қарлы, мұзды жолдар арқылы шығуға болады. Бұл шың — әлемдегі ең қиын аймақтың бірі. 1931 жылы оны алғаш болып Михаил Погребецкий, Франц Зауберер мен Борис Тюрин сияқты альпинистер бағындырған. Шыңға, кем дегенде, 14 күнде шығуға болады.

Шыңның етегінде халықаралық альпинистер лагері орналасқан. Тауға өрмелеушілердің айтуынша, Хан Тәңірі — Жер бетіндегі ең әдемі шың. Оның үшбұрышты пішіні де керемет.

Әнуар Нұрпейісов
Фото шыңға шыққан Әнуар Нұрпейісовтің жеке архивінен

Хан Тәңірі шыңы Қазақстан мен Қырғызстанның шекарасындағы Тянь-Шань тауының сілемінде орналасқан. Талайды таңдай қақтырған керемет көрінісі бар тау шыңы аспанмен таласып тұрғандай. Биіктігі — 7000 метр. Шың алыстан үшкір пирамида сияқты болып көрінеді. Көне түркі сенімінде дәл осы шыңда әруақтардың әміршісі, басты Құдай мекен еткен.

Хан Тәңірі туралы алғашқы дерек қытайдың 1200 жыл бұрынғы жылнамаларында жазылған. XIX ғасырда орыс географы Петр Семенов-Тянь-Шаньский тауды Қарқара өзенінің бастау алатын ағысында тұрып суреттеген. Ал 1895 жылы саяхатшы Свен Гедин Хан Тәңірі шыңын алғаш рет дәл өлшеп шыққан. 1943 жылы кеңестік топографтар Хан Тәңірінің орналасқан жерін картаға Жеңіс шыңымен шатастырып түсірген және оған «Жеңіс шыңы» деген ат берген.

Таудың жартасты шыңдары мөлдір, мәрмәр қабырғалардан тұрады. Ал шыңда күлгін түсті граниттің көп болуынан оны «Қантау» деп те атайды. Шың мәңгі ерімейтін сұрғылт-көк мұздықтар мен қар құрсауында жатыр.