Елуінші жылдардың соңына қарай Алматы қаласынан 170 шақырымдай жерде, Аңырақай тауларында тасқа қашалып салынған суреті көп орын табылады. Кейінірек, нақтысы 70-80-жылдары бұл аймақты ғалымдар зерттейді.

Жалпы, шатқалдағы белгісіз суреттерті тұңғыш рет сархеолог Анна Максимова зерттеген екен. Одан соң қазақстандық және шетелдік сарапшылар бірнеше экспедиция ұйымдастырады, осылайша бағзы заман суреттерінің құпиясын білмекке тырысады.

Бұл күні шатқалда аумағы 3800 гектар болатын, тарихы екі мың жылға кететін қорымдар, петроглифтер, діни орындар бар аспанасты музейі жұмыс істейді.

Тасқа салынған петроглифтер б.д.д ХIV ғасыр мен б.з. VIII ғасырына дейінгі уақыт аралығында пайда болған дейді мамандар. Оның ішіндегі ең ескілері қола дәуіріне жатады. Суретті тастардың ұзындығы — 10 шақырым, ал ені — 3 шақырымға созылған. Алуан түрлі тастардың саны 5000-нан артық. Суреттер бұл жартастарда қашалған, кесілген, жанамалап салынған, құйылған, жапсырылған. Қысқасы, алуан әдіс қолданылған.

Таңбалы
Суреттердегі бейнелер де бір-біріне ұқсамайды. Мұнда сіз қарулы жауынгерді де, садақшыны да, жан-жануарды да, аңшылық сәтін де, құрбандыққа шалуды да көре аласыз. Одан бөлек неше түрлі таңбалар, дұғалар, шеңберлер бар. Кей кескінді күн сәулесі түскенде ғана анық байқауға болады.

Тамғалы петроглифтері жай сурет емес. Өз дәуірінің өмір салтын, мәдениетін, жалпы тыныс-тіршілігін көрсететін дереккөз.

Қола, ерте темір дәуірі, ортағасыр, жоңғар заманы, Қазақ хандығы дәуірі секілді түрді кезеңді қамтитындықтан, бұл таңбалар түрлі мәнге ие.  Мәселен, өгіз — күш-қуат, береке, молшылық белгісі. Ал шоқпар, асатаяқ ұстаған жауынгер немесе сыйынған адам, сондай-ақ аң аулап, құрбандық шалғандар — мифтік, космогониялық кейіпкерлер. Жартасқа салынған Күн мен Ай құдайы, оларды айнала билеген адамдар қола дәуіріндегі тайпалардың жаратушыға қалай табынғанын, қандай салт-жоралғылар атқарғанын көрсетеді.

Таңбалы

Айрықша бейненің бірі — Күнбасты Құдай. Қола  дәуіріндегі тайпалар табиғатты құдірет деп есептеді, себебі өмірі табиғатқа тәуелді болды. Грек мифологиясындағыдай құдайларды ортақ белгілері арқылы байланыстырған. Этнографтардың айтуынша, мұндай құбылыс себебі ежелгі тайпалардың қол жетпейтін дүниені құдіретті санағанынан, табиғи құбылыстарға табынғанынан. Олар бір-бірі жайлы хабарсыз болса да, түсінік-ұғымы ортақ болған. Көне дәуір адамдары түрлі рәсім жүргізіп, ата-бабаларының рухына тағзым жасаған.

Петроглиф тұрған өңірді жергілікті тұрғындар қасиетті орын деп қабылдап келді. Таңбалы тас туралы дерек Әбу Райхан әл-Бирунидің жазбаларында кездеседі.