Алматы дін істері жөніндегі басқармасының Ақпараттық-түсіндіру тобының мүшесі, заңгер Серікхан Әділғазы дін саласындағы заңнамаға қатысты маңызды сұрақтарға жауап берді.

Заңгер сұхбат барысында не айтты?

  • зайырлы қоғам мүшелеріне тән ерекшеліктер туралы;
  • діни рәсім жасауға тыйым салынған орындар;
  • дінді кімдер қай жерде насихаттай алады;
  • жат ағым өкілдерінің желідегі видеоматериалдардың өшірілмеу себебі;

Зайырлы мемлекеттің азаматтары қандай болуы керек?

Қазақстан 1995 жылы 30 тамыздағы Коституциясынның 1-бабына сәйкес өзін зайырлы, құқықтық мемлекет деп танытады. Зайырлы мемлекет дегеніміз – қоғамдық қатынастарды діни норманың емес, арнайы құзырлы органдар қабылдаған құқықтық нормалар негізінде реттейтін мемлекет. Діни ұйымдар мемлекеттік реттеуге қатыспайды. Қазақстан – тек заңның үстемдігі орнаған, құқықтық мемлекет. Сондықтан зайырлы мемлекеттің азаматтары қай дінді ұстанса да, еркінде, бұл әркімнің ішкі сенімі. Тек ол адам мемлекеттің құндылықтарына, заңға, қоғамға, қандай да бір үшінші тұлғаға кедергісін, зиянын тигізбеуі керек.

Серікхан Әділғазы
Серікхан Әділғазы. Фото: Айгүл Хожантаева/Baribar.kz

Қазақстанда діни рәсімді іске асыруға қай жерлерде тыйым салынған?

Қазақстан Республикасының 2011 жылғы 11 қазандағы “Діни қызмет және діни бірлестіктер” туралы заңының 7-бабына сәйкес діни рәсімдерді орындау мемлекеттік органдарда, ұйымдардың немесе білім беру орындарының аумағында, ғимараттарында тыйым салынған. Құқық бұзушы әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Заң екінші рет бұзылса, айыппұл еселене береді. Жаңа заң жобасы бойынша қоғамдық орындарда діни жоралар мен рәсімдерді орындауға тыйым салынды. Мысалы, дінге сенуші паркте демалып жүрген басқа азаматқа ойы, іс-әрекеті арқылы зиянын тигізбеуі керек. Бұл заң күшіне әлі енген жоқ. Сондықтан Қоғамдық даму министрлігі мұндай нормалардың орындалу реті туралы нақты ереже жасауы керек.

Парламентте “Діни қызмет және діни бірлестіктер мәселелері бойынша жекелеген заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы” заң жобасы талқыланып, Президенттің қарауына жіберілді. Дін туралы қолданыстағы заңнамаға 60-тан аса өзгеріс енгізілді.

“Автобуста белгісіз әйел келіп өмірдің мәні, Құдай туралы мәлімет айтып, өзінің ортасына қосылуға шақырды”, деп шағымданатындар көп. Дінді кез келген адам кез келген жерде насихаттай ала ма?

Дін саласындағы жаңа заң жобасына сәйкес діни білімі немесе дипломы бар мамандар ғана үгіт-насихат жасауға құқылы және олар рұқсат етілген жерде ақпараттық-түсіндіру жұмысын жүргізе алады. Егер көшеде белгісіз адам келіп үгіт-насихат жүргізіп жатса, жергілікті полицияға немесе “102” нөміріне қоңырау шалу керек. Қазақстанда ресми тіркелген діни ұйымдардың келісімінсіз, ол ұйымдардың атынан немесе басқа да діни көзқарасты қолдап үгіт жүргізіп жүргендер әкімшілік жауапкершілікке тартылады.

Серікхан Әділғазы
Серікхан Әділғазы. Фото: Айгүл Хожантаева/Baribar.kz

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы жат ағым идеологиясын насихаттап жүргендердің тізімін жария етті. Бірақ желіде олардың уағыздары әлі өшірілмеген. Оған заңның күші жетпей ме? 

Діни сауатсыздықтан кей жастар жат діни ағым идеологиясын жасырын насихаттап жүргендердің оңай арбауына түсіп қалып жатады. Осылайша олар мемлекеттік билікке, қоғамға және конституциялық құндылықтарға қарсы шығып жүргендерін де сезбейді.

Ал желідегі күмәнді бейнематериалдарды құқық қорғау органдарына шағымдану арқылы өшіруге болады. Бірақ желідегі парақша өшірілгенімен, келесі күні басқа атпен қайта ашылуы мүмкін. Теріс пиғылды діни ағымның өкілдерімен бұлай күресу нәтиже бермейді. Одан да халықтың діни сауатын арттыруға аса мән берген жөн.

Ақпараттық-түсіндіру тобында халыққа дәріс жүргізіп жүрсіз. Маман ретінде еліміздегі діни ахуалды қалай бағалайсыз?

Егемендік алғанда барлық дінді төрге шығаруымыз қате болды деп ойлаймын. Оның кесірін 10-15 жылдан соң көре бастадық. Қоғамдық даму министрлігі құрылғаннан кейін дін саласындағы қатынастар жүйелі түрде құқықтық реттелгендіктен оң бағытқа көшті. Қазір бірлестіктің кемінде екі елді мекенде тұрақты мекемесі болмаса, тіркемейді.

Серікхан Әділғазы
Серікхан Әділғазы. Фото: Айгүл Хожантаева/Baribar.kz

Жат діни ағым идеологиясын насихаттап жүрген топтар мен жекелеген азаматтардың төмендегідей белгілерін байқауға болады:

  • тарихи қалыптасып қалған салт-дәстүрді, ұлттық құндылықтарды жоққа шығарады және мойындамайды;
  • жақын туыстарымен ара қатынастарына белгілі дәрежеде шектеу қояды; (мысалы, досының немесе туысының асын “халал емес” деп жемейді)
  • содан кейін өзі өмір сүріп отырған қоғамнан оқшауланады немесе оған шек қоя бастайды; (“Көшеде жалаңаш қыздар, намаз оқымайтын кәпірлер көп жүреді”, – деп үйінен шықпай күнә жасаудан сақтануды сылтау етіп, өздерінің жасырын жиналыстарына қатыстыруды мақсат етеді)
  • мемлекеттік билікке қарсы шығуға үгіттейді; (Олар үнемі “билікті өзгерту керек” деген ойда болады. Сөйтіп қоғамнан алыстайды) Сол себепті жоғарыда айтылған белгілері бар дінді насихаттайтын кез келген материалдардан аулақ болған жөн.