Басты бетЖаңалықтарТалдықорғанда БАҚ...

Талдықорғанда БАҚ өкілдері арасындағы «Самғау» байқауының жеңімпаздары анықталды

Талдықорғанда журналистер арасында өткен «Самғау» байқауының жеңімпаздары анықталды.

Талдықорған әкімінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, облыстық драма театрдың жаңа ғимаратында өткен салтанатты шараға Алматы облысының әкімі Амандық Баталов қатысып, жүлдегер атанған журналистерді марапаттады.

Самғау байқауы
Фото: Taldykorgan-online.kz

Амандық Баталов жиналған қауымды алда келе жатқан тәуелсіздік күнімен құттықтады. Қазақ елінің айбыны асқақ, мерейі үстем болсын деген өңір басшысы журналистерге деген ыстық ықыласын да білдірді.

Журналистер қауымы — жаңалыққа жаны жақын, жақсы істердің жаршысы, қоғам өмірінің барометрі. Халық пен билік арасындағы алтын көпір десек те, артық айтқандық емес. Елдің жағдайын, ой-пікірін, тілегін жеткізетін журналистердің атқаратын жүгі жеңіл емес екені белгілі, — деді әкім.

Облыс басшысы жақында ғана жарияланған Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласы баспасөз беттерінде жарияланып, тілшілердің арқасында халыққа насихатталып жатқанын айтты.

Алдағы уақытта ауқымды істерді атқаруда бұл мақаланың бізге бағдар болары сөзсіз. Сіздер ел игілігі жолында, соның ішінде ақпарат саласында абыроймен қызмет атқарып келесіздер. Сол үшін сіздерге үлкен алғысымды білдіремін! — деді Амандық Баталов.

Әкімнің айтуынша, биыл бұқаралық ақпарат құралдары саласында мақтан тұтарлық жағдайлар мол. Атап айтқанда, облыстық «Жетісу» мен «Огни Алатау» газеттері 100 жылдық мерейтойын атап өтті. Одан бөлек, «Жетісу» газеті «Үркер» ұлттық байқауында «Өңірлік үздік басылым» аталымы бойынша жеңімпаз атанса, «Жетісу» телеарнасы «Тұмар» телевизиялық байқауында «Үздік өңірлік телеарна» номинациясы бойынша топ жарған. Жергілікті қос басылымның 6 қызметкері Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің «Ақпарат саласының үздігі» төсбелгісімен марапатталды.

Өңір басшысы журналистикамен қатар әдебиетке үлес қосып жүрген қаламгерлерді де атап өтті. Олардың қатарында «Талдықорған» газетінің тілшісі Айдын Кәлімхан мен «Жетісу» телеарнасының бөлім редакторы Есболат Айдабосын бар. Олар «Алтын қалам» тәуелсіз әдеби жүлдесінде бас жүлде алды. «Қазақстан» телеарнасының Алматы облысы бойынша меншікті тілшісі Қуаныш Серікханов Қазақстан халқы ассамблеясының «Шаңырақ»байқауында 1-орын алды. Сонымен бірге облыстық қос газеттің 100 жылдық мерейтойына орай 6 қызметкерге пәтер берілген.

Бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің шыққан биігі, еңбегінің жемісі деп, біз осындай жақсылықтарымызды айта аламыз. Құрметті журналистер! Ақпарат саласында елге адал қызмет етіп, абырой биігінен көріне беріңіздер! Сіздерге тек шығармашылық табыс тілеймін. Марапаттарыңыз құтты болсын! — деді Амандық Баталов.

Байқауға республикалық, облыстық, аудандық, қалалық бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері және штаттан тыс тілшілерден, жалпы 143 үміткердің жұмысы қабылданған.

Осымен екінші мәрте ұйымдастырылған байқаудың жүлде қоры да қомақты. Былтыр додаға 7 миллион теңге көлемінде қаржы бөлініп, жеті аталым бойынша 21 адам жеңімпаз атанған еді. Ал биыл тағы төрт номинация қосылып, жүлде қоры 8 миллион теңгеден асқан.

Байқауға қатысқан журналистер «7-20-25», «Нұрлы жол», «Цифрлық Қазақстан», «Рухани жаңғыру» бағдарламалары, Астананың 20 жылдығы және Алматы облысының әлеуметтік-экономикалық дамуы тақырыбы бойынша сынға түсті.

Байқау комиссиясы қарауына ұсынылған материалдар төмендегі номинация талаптарына сәйкес іріктеліп, үміткерлердің жұмыс істеу тәжірибесі, материалдың маңызы, мазмұндылығы, оны ұсыну тәсілі назарға алынды.

Байқау қорытындысының нәтижесі:

«Баспа басылымның үздік дизайны, инфографика» номинациясы бойынша:

3-орын — «Талдықорған» және «Талдықорған ақшамы» газеттерінің дизайнері Айжан Сәдуақасова;

2-орын — облыстық «Жетісу» газетінің дизайнері Мөлдір Мұраталинова;

1-орын — «Талдықорған» газетінің дизайнері Зарина Чечетова.

«Үздік бейнеклип өндеуші (монтаж)» номинациясы бойынша:

3-орын — облыстық «Жетісу» телеарнасының дизайнері Александр Белов;

2-орын — облыстық «Жетісу» телеарнасының видеоинженері Данияр Тоқымтаев;

1-орын — облыстық «Жетісу» телеарнасының режиссеры Данияр Мұстафаев.

«Үздік облыстық Vlog (Алматы облысы бойынша бейнеблог)» немесе (Үздік блогер) (Алматы облысы туралы пост) номинациясы бойынша:
3-орын — Самал Қабышева, «Казинформ» сайтында шыққан «Алматы облысындағы айдынды Алакөлде соңғы төрт жылда туризмді дамытуға бағытталған жұмыстар қарқын алды» мақаласы үшін,
2-орын — Әнербай Мәулен, әлеуметтік желілердегі «Туған жер бағдарламасы» аясындағы жазбалары үшін,
1-орын — Қажет Андас, Atameken Business Channel сайтта шыққан «Қаусаған қабырға, шайқалған шаңырақ» мақаласы үшін.

«Үздік желілік басылым» номинациясы бойынша:
3-орын — облыстық «Жетісу» газеті сайтының редакторы Қуаныш Түнғатар;
2-орын — Taldykorgan-online.kz сайтының редакторы Данияр Сейсенбаев;

1-орын — TINFO («Талдыкорган Инфо») сайтының жетекшісі Талғат Абылаев.

«Үздік тілші» (аудан, қалалық баспа басылымдары) номинациясы бойынша:
3-орын — Думан Сартбаев, Ұйғыр ауданының «Қарадала тынысы — Қарадала нәпәси» газетінің тілшісі «Тарихтан сыр шертер тас мүсін» мақаласы үшін,
2-орын Ләйла Оңалбаева, Кербұлақ ауданы «Кербұлақ жұлдызы» газетінің редакторы «Жеңісті күндер көп болсын!» мақаласы үшін.

1-орын Әлима Нүсіпова, Ескелді ауданының «Жетісу шұғыласы» газетінің тілшісі «Күнге бет алған керуен» мақаласы үшін.

«Үздік фотосуретші» номинациясы бойынша:
3-орын Дмитрий Ерофеев, «Огни Алатау» газетінің фототілшісі «Астанаға Жетісудың тартуы» фотогалереясы үшін,
2-орын Мұсабек Жумабай, «Жетісу» газетінің фототілшісі,
1-орын Жеңіс Ысқабай, «Рухани жаңғыру» фотогалереясы үшін.

«Үздік оператор» (бейнематериал) номинациясы бойынша:
3-орын Самат Оразалинов, «Қазақстан» телеарнасындағы «Жетісулық ағайын ұлыстың ұлы күнін атап өтті» сюжеті үшін,
2-орын Надир Камзин, «Жетісу» телеарнасының операторы «Астанаға 20 жыл» сюжеті үшін,
1-орын Олжас Байбосынов, «Хабар 24» телеарнасының операторы «Международная экспедиция «Мұқали» в рамках программы «Рухани жаңғыру» сюжеті үшін.

«Үздік журналист» (ақпараттық мақала) номинациясы бойынша:

3-орын Меруерт Молдағалиева, облыстық «Жетісу» газетінде жарияланған «Өндіріс пен өнеркәсіп қашан қазақшаланады?» ақпараты үшін,
2-орын Қуаныш Түнғатар, облыстық «Миллиардты мойындатқан Мұқали» мақаласы үшін,
1-орын Айгүл Оқбаева, қалалық «Талдықорған» газетінде жарияланған «Үнсіздік әлемі» мақаласы үшін.

«Үздік тележурналист» (жаңалық сюжет) номинациясы бойынша:

3-орын Жазира Исаева, облыстық «Жетісу» телеарнасында шыққан «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында батыс өлкенің киелі жерлеріне ұйымдастырылған блог-турдың сюжеті үшін,

2-орын Назгүл Аязбаева, облыстық «Жетісу» телеарнасының редакторы «Ауыл ахуалы» репортажы үшін,
1-орын Гүлнәр Жантасова, «Хабар» агенттігінің тілшісі «Цифровизация сферы туризма в рамках реализации программы «Рухани жаңғыру» сюжеті үшін.

«Үздік республикалық (халықаралық) тілшісі Алматы облысы туралы ақпараттық материал) номинациясы бойынша:
3-орын Мұхаметқали Қалмаханбет, республикалық «Егемен Қазақстан» газетінде шыққан «Жер жаннаты Жетісу» мақаласы үшін,
2-орын Самал Қабышева, республикалық «31 телеарнада» шыққан «Ақсу қант зауытының жұмысы жанданды» репортажы үшін,

1-орын Серік Малеев, республикалық «Литер» газетінде шыққан «Текели: вчера, сегодня и всегда» мақаласы үшін марапатталды.

Сонымен бірге облыстық журналистика саласында 60 жыл көлемінде еңбек еткен (ардагер журналист) Әли Ысқабайға да лайықты құрмет көрсетілді.

Әли Ысқабай
Фото: Taldykorgan-online.kz