Басты бетЖаңалықтарБауыржан Байбек:...

Бауыржан Байбек: Алматыдағы 200-ге жуық көшенің атауы жоқ

Бүгін Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте Алматы әкімі Бауыржан Байбек қаладағы көше атауларының жиі өзгеруіне қатысты пікір білдірді.

Алматының аумағы 2 есе ұлғайып, бүгінде 700 шаршы шақырым болды. Алматы облысынан 2 аудан бізге қосылды. Қателеспесем, бүгінде қалада 3 мың көше бар. Оның шамамен 250-інің атауы қайталанса, 200 көшеде атау жоқ, — деді Бауыржан Байбек БАҚ өкілдеріне.

Әкімнің мәліметінше қалада Абайдың атында 13, Жамбылдың атында 12 көше бар. Бұған қоса, Алғабас ауданының атауы 5 рет қайталанады.

Өздеріңіз де ойлап көріңіздер, тұрып жатқан жерлеріңізге жедел жәрдем, полиция, тіпті қонақ шақырсаңыз да, олар таба алмайды. Бұл мүлдем қолайсыз. Осыған байланысты бізге шағым да көп түседі, — деді қала басшысы.

Сонымен қатар ол Мемлекет басшысына тапсырмасына сәйкес негізінен көшелерге географиялық атаулар берілетінін баса айтты. Сонымен бірге бұрынғысынша Қазақстанға еңбегі сіңген азаматтардың есімі де беріле береді.

Мәселен, Сағадат Нұрмағанбетов, Талғат Бигелдинов, Герольд Бельгер. Көшеге Батырхан Шүкеновтің есімін бердік, яғни бұлар ұлттық ауқымдағы адамдар және Алматыда жұмыс істеген, — деді Бауыржан Байбек.

ДереккөзInform.kz