Бауыржан Байбек Алматыда жиі айтылатын қауесеттер жөнінде түсінік берді

Алматы әкімі Бауыржан Байбек қаладағы ақылы автотұрақтарға қатысты қауесет жөнінде түсінік берді.

Менің отбасымның көлік тұрағына иелік ететіні туралы өсек тарады. Мұны заңды жұмысты ұнатпайтын, жоқ жерден пайда тапқысы келетін адамдар істеп отыр деп ойлаймын. Сол әрекетімен әлдекімдердің әкімдікке ықпал етіп, онсыз да оңай болмай тұрған көлік реформасын жүргізуге кедергі болғысы келіп отырғаны анық, — деді Бауыржан Байбек Астанада Орталық коммуникациялар қызметінің брифингінде.

Әкімнің айтуынша, қалада қандай да бір тәртіп енгізіле бастаса, мүдделі адамдар түрлі қауесет таратып, қарсылық білдіруге кіріседі.

Мысалы, біз қоршауларды ала бастадық. «Әкім металл мен рельстерді сатады» деген әңгіме айтылады. Егер заңсыз дүңгіршектерді құлата бастасақ, «әкім өзінің дүңгіршектерін қойғысы келіп жатыр» дейді. Көшелерді жөндей бастап едік, «жиектастар мен плита шығаратын зауыттар әкімдікі екен» деген өсек таратады. Сондықтан біз мердігерлерден құрылыс материалдарын қандай зауыттан сатып алатыны туралы ақпаратты жариялауды талап етеміз. Бұл — олардың құқығы, олар байқауда жеңіп шықты, өздері мердігерлерді анықтайды, сапаны қамтамасыз етеді, бірақ шығындарын да оңтайландырады, — деді Алматы әкімі.

Қала басшысының айтуынша, құрылыс материалдарының көбі қайтадан қолданылады.

Ескі асфальттің өзін біз жолдардың үстіне себу үшін қолданамыз. Қоршаулар болса, меншік иелерінде қалады, трамвай рельстері мен ескі вагондар, білесіздер ме, ашық электрондық сауда арқылы сатылып кетті, — деді Бауыржан Байбек.

ДереккөзTengrinews.kz