Күніне 9 сағат жұмыс істейтін болсаңыз, оның 30 минутын өзіңізді тынықтыруға арнаңыз. Ғалымдар ең керемет идеялардың ештеңені күтпей, жай отырғанда келетінін айтады. Ең бастысы — мұндай бейқам отыратын сәттер пайдалы болсын. Сонымен назарыңызға жұмыс күні жарты сағат бойы пайдалы іспен айналысу арқылы тынығу жолдарын ұсынамыз.

Ойлануға уақыт бөліңіз

Бір сәт отырып ойлану жұмысты нәтижелі атқаруыңызға, құлшынысыңыздың оянуына көп көмектеседі. Өз ойыңызбен оңаша қалғанда миыңыз артық ақпараттан демалып қалады.

Ойыңызға ерік беру — кішігірім медитация. Әдетте бұл лотос гүліне ұқсап отырып жасалатын нәрсе. Қазір мұны смартфонның көмегімен-ақ істеуге болады. Жайғасуыңызға ыңғайлы орын таңдап алыңыз да, 5 минуттан жарты сағатқа дейін уақыт бөліңіз. Бұл — бойыңыздағы тұрақтылық пен сабырды қалпына келтіреді.

Әріптестеріңізбен әңгімелесіңіз

Көп адам әріптестерімен әңгімелесе отырып жеңілдеп қалатынын айтады. Бірақ бұл ойды теріске шығаратындар да бар. Себебі олар ұжыммен әңгіме-дүкен құру уақытты бос өткізу деп есептейді.

Әріптестермен жақсы қарым-қатынаста болу — жұмыста туындайтын қиындықтардан оңай шығуға көмектеседі әрі өзіңізді үлкен ұжымның бір бөлшегі сезінесіз. Әңгіменің ұзақ болмауы және жұмыс өнімділігіне кері әсер етпеуі маңызды:

  • Әріптестермен әңгіме барысында уақытты бақылаңыз, әңгіме 10 минуттан асып кетпесін.
  • Тыңдаушылардың назарына мән беріңіз, егер көбі құлаққаппен отырса, телефон қоңырауына алаңдаса, онда қызық тақырыпты талқылаудың қажеті жоқ.

Назарыңызды пайдалы іске аударыңыз

Жазушылар мен басқа да шығармашылық адамдары өз істерінен бір сәт сергу үшін сөредегі кітаптарды алфавит бойынша орналастырып шығады екен. Асүйге барып, ыдыс жуу, еден сүрту де — бой сергітудің амалдары. Тек демалыста істейтін кейбір жұмысыңызды осылай бітіріп алуға да болады. Мұндай істерді жағымсыз жұмыстан қашу деп түсінбеңіз. Миыңыздың тынығуы үшін осындай үзілістерді алдын ала жоспарлаңыз және ол жұмыс өнімділігіне кедергі болмауы керек.

Мақсаттарыңызды еске түсіріңіз

Калифорния университетінің ғалымдары адам мақсаттарын қағазға түсіріп қоятын болса, жазылғаннан да көп істі жүзеге асыра алады дейді. Зерттеу жүргізгенде ештеңе жазып жүрмеген топ өз мақсаттарының 43%-ын, ал үнемі жазып, оны басқаларға айтып жүрген келесі топ 76%-ын орындай алған.

Алға қойған мақсаттарыңызды еске түсіріп, күнделікті прогресті қадағалап отырсаңыз, мақсаттың орындалуына талпынысыңыз артады. Бұл даму бағытыңыздың деңгейін бағалауға мүмкіндік береді. Сондықтан бір кездері жазып қойған мақсаттарыңызға күніне бір уақыт көз жүгіртіп отырыңыз. Болашақ туралы ойлануды кейінге қалдыра бермегеніңіз абзал.