Қазақстан Президенті «Россия 24» телеарнасының «Вести недели» бағдарламасына берген сұхбатында Қазақстан мен Ресейдің қарым-қатынасы және қос халықтың арасындағы ұқсастық туралы айтты.
Саяси шолушы Андрей Кондрашов Нұрсұлтан Назарбаевтан Қазақстан келешегін қалай елестетінін сұрады.
Келешек туралы айту жақсы нәрсе емес — біз пайғамбар емеспіз. Осы тұрғыдан келешекті әлемді, бәрімізді жаратқан Жаратушы ғана біледі деуге болады. Біз Қазақстанды қалай көріп отырмыз? Оны біздің орталықазиялық көршілерімізден, көп жеріміз шектесіп жатқан Ресейден, шамамен 2 мың шақырым ортақ шекарамыз бар Қытай Халық Республикасынан бөліп қарастыруға болмайды. Көп нәрсе олардың дамуына, жағдайына байланысты… Көп құрамдас бөлікке байланысты. Бірақ біз келешекке оптимизммен қараймыз. Біз 30 мемлекеттің қатарында болуға тырыса аламыз, — деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Қазақстан Президенті сауда-саттық жөнінен қарым-қатынас жасап отырған көрші мемлекеттерге даму тілейтінін айтты. Президенттің айтуынша, «егер сен бақша отырғызсаң, көршіңнің бақшасында арамшөп өссе, сенің жеріңде де арамшөп пайда болады».
Андрей Кондрашов «Нұрсұлтан Назарбаев пен Владимир Путин арасындағы қарым-қатынасты жеке достық деп қарастыруға бола ма?» деп сұрады.
Мұны ерекше жағдай деуге болады. 2000 жылы Владимир Владимирович Путин саясатқа келген кезде мен алғашқы күннен бастап онымен қарым-қатынаста болдым, біз мәселелерді бірге шешеміз, өте күрделі мәселелерді шешуге тура келген. Мысалы, ортақ шекараны анықтау — 7 мың 500 шақырым. Әр метр, әр шақырымды сипаттау керек болды. Қытаймен арадағы шекара есіңізде ғой? Жүз жыл бойы осы мәселені шеше алмағанбыз! Сол сияқты Каспий теңізінде де шекара жүргізе алмағанбыз. Бұл оңай мәселелер емес еді. «Байқоңыр» ғарыш айлағы мәселесі де сондай. Осының бәрі өзара сенімнің, бүгінге дейін жалғасып келе жатқан Владимир Владимировичпен арадағы тату қарым-қатынастың арқасында шешілді. Осы уақытқа дейін ТМД-да, ЕурАзЭҚ-те болған интеграция мәселелері де солай шешілді. Көршілермен өзара қарым-қатынас әртүрлі болады. Біз барлық мәселені бірге, өзіміздің интеграциялық бірлестікте шешеміз, — деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Қазақстан Президентінің айтуынша, Ресей адам ресурстары мен экономика жөнінен жетекші орында. Бұл қатынастардың Қазақстанға да көмегі зор.
Ресей мен Қазақстанның мемлекетаралық қатынастары көпке үлгі болатынын бұған дейін де мәлімдегенмін. Егер әлемдегі көп көршінің арасында дәл осындай қатынас болса, қазір бастан өткеріп отырғандай қиындықтар болмас еді, — деді Мемлекет басшысы.
Саяси шолушы Қазақстан басшысының кеңес және орыс әндерін айтатыны туралы да сұрады. Нұрсұлтан Назарбаевтың айтуынша, екі халықты жақындастыратын жайт та — осы.
Мен қос мәдениеттің рухымен тәрбиеленгенмін: туған мәдениетім — қазақтың және орыстың. Біздің заманымызда солай болды. Біз кеңес дәуірінде өстік. Ортақ ел, ортақ ұғым болды. Комсомол мен партия болды. Энтузиазм болды. Жастық шағымыз өтті. Ән айттық. Ол әннің бәрі әлі күнге дейін жанды тербейді. Әндер көп, әртүрлі. Орыс әндері еркіндіктің өзі сияқты, алқап сияқты, өзен сияқты, оның толқыны сияқты әуезді. Қазақ әндері де сондай әуезді. Бір америкалық қонақ менен «неге ән салғанда соншама айқайлайсыздар, микрофон бар емес пе?» деп сұрады. «Қараңыз, біздің даламыз қандай. Қазақ кең далада келе жатып, күллі ел естісін деп, бар дауысымен ән айтпағанда не істейді» деп жауап бердім. Бұл жағынан екі халық арасында ұқсастық бар, — деді Нұрсұлтан Назарбаев.