МыАлматы, БізАлматымыз, WeAlmaty

Материал Еуропа одағының қаржылай қолдауымен Британдық кеңес, Алматы әкімдігі, «Алматыны дамыту орталығы» АҚ және Қазақ-Британ техникалық университеті бірлесіп іске асырып жатқан «БізАлматымыз» жобасы аясында әзірленді.

Аулаңыздағы жарықшамдар жылдар бойы ауыспаған ба немесе мемлекеттік органдар жұмысына қандай да бір шағымыңыз бар ма? Мүмкін сізді белгілі бір көшедегі қоқыс немесе аулаңыздағы заңсыз паркинг алаңдататын шығар. Осындай неше түрлі жағдайға күн сайын назарыңыз ауып, оларды көршілермен талқылай беру де шаршатты ма? Ол үшін әкімдіктің есігін қағуға жүрегіңіздің дауаламайтыны тағы бар. Демек, сіз Open Almaty жобасы жайлы естімегенсіз.

Open Almaty — Алматы әкімдігінің бастамасымен 2017 жылы ашылған қоғамдық қабылдау бөлмесі. Жайлы кеңсемен қоса, ауқымды портал әрі үй және қалта телефондарынан тегін хабарласуға болатын орталық.

Open Almaty жобасымен қалай тиімді жұмыс істеуге болады?

Қоғамдық қабылдау

«Алматы Тауэрс» бизнес орталығының (Байзақов көшесі, 280) 1-қабатында орналасқан кеңсеге кіргенде әкімдікке кірдім деп ойламайсыз. Балаларға арналаған ойын бұрыштары, жұмсақ дивандар мен диспенсерлер жайлы атмосфераға бөлейді. Автоматтан нөмір алып, қажетті терезеге кезегіңіз келгенде барып, проблемаңызды қызметкерлерге айта аласыз. Сол жерде бірден сіздің атыңыздан өтініш немесе шағым толтырылады. Сізден тек қол қою талап етіледі. Өтінішіңіз қабылданып, өңдеуге жіберілді деп есептей беріңіз. Көп жағдайда жауап бірден беріледі. Ал егжей-тегжейлі зерттеуді қажет ететін мәселе болса, жауап пошта қызметі арқылы немесе электрондық поштаңызға келеді.

Егер мәселеңіз бойынша әкімдіктің қай бөлімшесі жауап беретінін білмесеңіз, дәл осы жерге келіңіз.

Менің өтінішім бойынша 2 айда Бұхар Жырау бульварының бойына, Байзақов пен Мүсірепов көшелерінің арасында қоқыс жәшіктері орнатылды. Рахмет! (Алтай Наурызбаев, Алматы тұрғыны)

Қоңырау шалу

1308 немесе 338 33 88 нөмірлерін міндетті түрде сақтап қойыңыз. Кеңсеге бару мүмкіндігі болмаса, ешқайда шықпай-ақ телефон арқылы кез келген мәселеңізді оңтайлы шеше аласыз. Бастысы — проблемаңызды және әкімдіктен қандай шешімдер күтетініңізді нақтылап алыңыз. Ол сіз үшін телефон арқылы өтініш толтыруды жеделдетеді.

Бүгін — 24.05.18 күні мектеп жасына дейінгі балаларды балабақшаға тіркеу ашылды. Санжар есімді Call center менеджері Team viewer бағдарламасы бойынша баламды балабақшаға тез әрі жеңіл кезекке тұрғызуға көмектесті. сізге көп рахмет! (Светлана кошелева, Алматы тұрғыны)

Портал

Қазіргі заман адамының әр минуты, секунды бағалы. Ал Алматы сияқты мегаполисте адамдар уақытын екі есе бағалайды. Сол себепті интерфейсі ыңғайлы, функционалы кең порталдың болуы өмірді жеңілдетеді. Оpen-almaty.kz порталы арқылы сіз балаңызды балабақшаға кезекке қоя аласыз, қалада жүргізілетін жұмыс жоспарларымен таныса аласыз, балаңызды 1-сыныпқа немесе ақылы және тегін үйірмелерге тіркей аласыз.

Порталға өтінішіңізді ЭЦҚ арқылы немесе ол болмаған жағдайда жеке кабинет және SMS-код арқылы қалдыра аласыз. Әрине, ЭЦҚ болғаны өте ыңғайлы. Ол арқылы мәліметтер бірден мәлімдеме толтырылатын дайын формаға енгізіледі. Сонымен бірге осыған дейін қалдырған өтінішіңіздің жауабын осы порталдан телефон нөміріңізді енгізу немесе ЭЦҚ арқылы жүктеп ала аласыз.

Мұндай жылдам әрекетті көріп айтарға сөз таппадым. Бүгін, 16.03, мен Open Almaty сайтына өтініш жаздым. Өтінішімнің мазмұны мынадай: қыста паркинг мұзайдынға айналған. Енді ол ерігеннен кейін орнында паркингті екіге бөліп тұрған керемет бөгет орнады. Бір көлік жүргізушісі көлігін «алманың» жанына қойса, автоматты түрде паркингтің екінші бөлігіне апарар жолды бөгеп тастайды. Сөйтіп басқа көліктер «екінші» бөлікке менің аулам арқылы өтетін. Біз онсыз да ауламыздағы көлік қоюшыларға наразымыз. Енді келіп осы жағдай қосылды, ауламыз нағыз көшеге айналып кетті. Порталға жаздым. 3 сағаттан соң қымбатты Жанна Асанова фото жіберді. Мен ризамын! Сол себепті, достар, оларға өтініш жазудан тартынбаңыздар! Біздің немқұрайлығымыздан ештеңе өзгермейді (Юлия Александровна, Алматы тұрғыны)

Біз біле бермейтін заңдар

Open Almaty ресурсын пайдалы анықтамалық ретінде қолдану да өте тиімді. Онда қаламызға байланысты барлық ақпаратты біле аласыздар. Мысалы, шетелдік қонақтарыңыз келсе, қайда апаруға болады, бала асырап алу үшін қандай қадамдарды орындау керек, бизнеске байланысты сан түрлі құжат алу, тұрмыстық жағдайлар, тағы басқа. Сонымен қатар заңдарды да білуге болады. Мысалы, сіз 2015 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстанда балаларға арналған «коменданттық сағат» қолданыста екенін білесіз бе?

Бұл заң талабы бойынша 18 жасқа толмағандарға заңды өкілдерінің еріп жүруінсіз түнгі уақытта үйден тыс жерде болуға тыйым салынады.

Нақтырақ айтқанда:

  • ойын-сауық мекемелерінде — 22.00-ден 06.00-ге дейін;
  • тұрғынжайдан тыс жерде — 23.00-ден 06.00-ге дейін.

«Коменданттық сағатты» бұзу дерегі бойынша ұсталған кезде кәмелетке толмаған бала полиция бөлімшесіне жеткізіліп, жеке бас мәліметі анықталады және ата-анасына хабар беріледі. Бұл ретте бала ойын-сауық мекемесінде ұсталған болса, ата-анасы 3 АЕК мөлшерінде айыппұл арқалайды. Ал далада ұсталса, әуелі ескерту жасалады. Бірақ тәртіп сақшыларының көзіне қайтадан түссе, 7 АЕК мөлшерінде айыппұл салынады.

Тағы да бір елеусіз қалып жататын құқығымызды біле отырайық. Егер сіз немесе сіздің танысыңыз күштеп некеге тұрғызу үшін алып қашудың құрбаны болса, келесі ақпарат сізге пайдалы болуы мүмкін. Қазақстан Республикасының қылмыстық заңнамасында некеге тұру мақсатында адам ұрлағаны үшін мүлкін тәркілеумен бірге 15 жылға дейін бас бостандығынан айыру түрінде жаза қарастырылғаны туралы ақпарат (ҚР ҚК 125-бабы «Адам ұрлау») «күйеу жігіт» пен оның туыстарын райынан қайтарады. Егер сіз адам ұрлаудың куәгері болсаңыз, «102» нөмірі бойынша қоңырау шалуыңызға немесе Алматы полиция департаментінің кез келген тірек пунктіне, сонымен бірге Алматы полиция департаментінің жол-патрульдік полиция жасағының көмегіне жүгінуіңізге болады.

ҚР ҚК 125-бабына сәйкес «үйлену үшін ұрланған адамды (кәмелеттік жасқа толған) өз еркiмен босатқан адам егер оның әрекеттерiнде өзге қылмыс құрамы болмаса, қылмыстық жауапкершіліктен босатылады». Егер сіздің адам ұрлау туралы хабарламаңызды полиция қызметкерлері елемеген жағдайда ҚР ІІМ «1402» бірыңғай сенім телефонына, Алматы полиция департаментінің 2613636, 2613838 сенім телефондарына, прокуратураның «115» байланыс орталығына хабарласыңыз.

Ең бастысы, кез келген мәселенің шешімі болатынын ұмытпаңыз. Көп келеңсіз жағдайды болдырмау өзімізге де байланысты. Айналамызға, жақындарымызға, ауламызға, қаламызға немқұрайлы болмайық.

Пікір қосу

Қалдыратын пікіріңізді осында жазыңыз!
Есіміңізді жазыңыз!