Нұрсұлтан Назарбаев Саломе Зурабишвилиге Грузия Президенті лауазымына сайлануына байланысты құттықтау жеделхатын жолдады.
Ақорданың баспасөз қызметінің хабарлауынша, Мемлекет басшысы Саломе Зурабишвилиге Қазақстан халқының және жеке өзінің атынан жеделхат жолдады.
Өткен сайлаудағы жеңісіңіз — ел азаматтарының Сізге деген сенімі мен қолдауының, сонымен қатар Грузияның жаңа жетістіктері мен елдеріңіздің одан әрі өркендеуіне деген үмітін Сізбен байланыстыруының айқын дәлелі. Елдеріміз арасындағы дәстүрлі достық пен түсінушілікке негізделген өзара тиімді ынтымақтастық халықтарымыздың игілігі үшін алдағы уақытта да нығая түсетініне кәміл сенемін, — делінген жеделхатта.
Нұрсұлтан Назарбаев Саломе Зурабишвилиге зор денсаулық, амандық, жауапты қызметіне табыс, ал достас Грузия халқына бақ-береке тіледі.
Еске сала кетейік, Грузиядағы президент сайлауында тәуелсіз кандидат Саломе Зурабишвили жеңіске жеткен еді. Елдің Орталық сайлау комиссиясының мәліметінше, Саломе Зурабишвили сайлаушылардың 59,52% дауысына ие болды. Президент сайлауының екінші турында Зурабишвилиді сайлаушылардың 1,1 миллионнан астамы қолдаған.
Бұл — Грузияда дауыс беру арқылы өтіп отырған соңғы президент сайлауы, келешекте мемлекет басшысын 300 делегат тағайындайды. Саломе Зурабишвили 6 жыл мерзімге сайланып отыр. Оның ұлықтау рәсімі 16 желтоқсанда өтеді.